Елорда көшелерінің біріне армиян әліпбиінің негізін қалаған Месроп Маштоцтың есімі беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Астана мәслихатының тұрақты комиссиясы елордадағы көшелердің біріне армиян әліпбиінің негізін қалаған Месроп Маштоцтың есімін беруді қолдады.

- Өткен жылы 14-15 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Арменияға ресми сапары болды. Сол кезде экономика, саясат, мәдениет салаларында әртүрлі келісімшарт жасалды. Келісімдердің бірінде Арменияның Ереван қаласында қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының есімін көшеге не саябаққа беру, дәл солай армияндардың ұлы тұлғаларының бірі Месроп Маштоцтың есімін елордадағы көше не саябақтардың біріне беру туралы уағдаластық болған. Осыған байланысты біраз келісөз жүргізіліп, талқылау болды, - деді комиссия отырысында Астана қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.
Оның атап өтуінше, биыл 11 ақпанда Ереван қаласының ақсақалдар кеңесі қаланың Аван ауданында орналасқан саябаққа Абай Құнанбайұлының есімін беру туралы шешім қабылдады.
Саябақ Алматы көшесінің бойында орналасқан. Жалпы ауданы 2 400 шаршы метрден асады.
- Осыған орай біз де өз тарапымыздан 16 сәуірде Астана қалалық ономастика комиссиясының кезекті отырысына жиналдық. Сол жерде Нұр ауданында, Астана арена стадионы мен Сарыарқа велотрегі арасындағы ұзындығы 750 метрді құрайтын, яғни Тұран даңғылынан Қабанбай батырға дейінгі көшеге армиян әліпбиінің негізін жасаған, әдебиеті мен ұлттық мәдениетінің негізін қалаған ірі тұлғалардың бірі Месроп Маштоцтың есімін беру туралы шешім шығардық, - деді.
Ұсынылған мәселені талқылау нәтижесінде депутаттар шешімді бірауыздан қолдады.
Бұған дейін Арменияда өткен Қазақстанның мәдени күндері аясында Ереван қаласында Абай Құнанбайұлы атындағы саябақтың салтанатты ашылуы өткенін жазған едік.