Елорда күні: Нұра ауданында жаңа гүлзарлар мен аулалар салтанатты түрде ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың Нұра ауданында Астана күніне орай жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылып, бірқатар ауланы абаттандыру жұмысы аяқталды. Тұрғындардың игілігіне екі гүлзар, төрт аула және жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елорда күні қарсаңында ауданда «Алтын Шар-1» тұрғын үй кешенінің жанында инвестор қаражаты есебінен салынған жаңа гүлзар ашылды. Аумағы шамамен бір гектар болатын демалыс орнында жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, серуендеуге арналған аймақ жасалды. Сондай-ақ ағаштар, бұталар мен гүлдер отырғызылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды.
Сонымен қатар бұған дейін Балаларды қорғау күніне орай техникалық режимде жұмысын бастаған «4 маусым» гүлзарының салтанатты ашылуы өтті. Жоба BI Group компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. Сквердің тұжырымдамасы жыл бойы сәнін жоғалтпайтын өсімдіктерді таңдауға негізделген. Мұнда 400-ден астам ағаш пен 14 мыңнан астам бұта отырғызылып, жаяу жүргіншілер жолдары, әткеншектер, шахмат үстелдері және басқа да абаттандыру элементтері орнатылған.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында бірден төрт аула аумағында абаттандыру жұмысы аяқталды. Шыңғыс Айтматов көшесіндегі 41, 41А және 41Б үйлердің аулаларында заманауи балалар ойын алаңы, ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары орнатылып, аумағы көгалдандырылды, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Ал Сығанақ көшесіндегі 16 және 16/1 үйлердің аулаларында балалар ойын алаңы, футбол алаңы, воркаут аймағы, жаттығу құрылғылары, демалыс орындары жасақталды. Сонымен қатар аумағы көгалдандырылып, жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Бұдан бөлек, «Үркер City» және «Boston Comfort House» тұрғын үй кешендерінің маңында көлемі 15×30 метр болатын жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді. Сонымен қатар іргелес аумағы абаттандырылып, тұрғындардың спортпен шұғылдануы мен демалуына арналған тағы бір жайлы қоғамдық кеңістік әзірленді.
Осыған дейін Астана күніне орай еліміздің бас қаласы туралы 20 қызықты деректі жариялағанбыз.