Елорда құтқарушылары тәулік бойы кезекшілікке көшті
АСТАНА. KAZINFORM — Жазғы мезгілінің басталуымен елорданың су айдындарының жағалауына сауық құрып баратындар саны артады. Осыған байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық және жедел іс-шаралар кешенін күшейтті. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ренат Смағұловқа сілтеме жасап, Астана қаласының әкімдігі жазды.
Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты — шомылу маусымында адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алу, тұрғындардың судағы қауіпсіздік ережелері туралы хабардарлығын арттыру.
— Су айдындарындағы төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті құтқару бөлімшелерінің дайындығын қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта тәулік бойы кезекшілікте 30 құтқарушы-сүңгуір қызмет атқарады. Сонымен қатар арнайы сүңгуір жабдықтарымен жабдықталған 2 жедел-құтқару техникасы және 8 жүзу құралы тұрақты жауынгерлік әзірлікте тұр. Күн сайын құтқарушылар Есіл өзенінің арнасын қайықтармен патрульдеп, жағдайды бақылап, жедел әрекет етеді. Бұдан бөлек, қауіпті учаскелерде жүзу құралдарымен жабдықталған үш мобильді бекет қойылған. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті аудан әкімдіктерімен бірлесіп тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуде. Су айдындарының қауіпті және жабдықталмаған учаскелерінде шомылуға тыйым салу туралы ақпараттық стендтер мен ескерту белгілері орнатылған, — дейді Ренат Смағұлов.
Сонымен қатар балалар мен жастар арасында профилактикалық жұмыстарға басты назар аударылуда. Елорданың мектептерінде, колледждері мен жоғары оқу орындарында жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша интерактивті сабақтар мен түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылмақ.
Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, азаматтардың су айдындарында шомылуына арналған 5 жағажай аймағы бекітілген. Олардың қатарында Орталық саябақтағы Орталық жағажай, Ш. Бейсекова көшесіндегі көпір маңындағы коммуналдық жағажай, Көктал-1 тұрғын алабындағы «Три пескаря», «Армина» және «Столичный двор» жағажай аймақтары бар. Аталған аумақтар белгіленген талаптарға сай келеді және шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіз демалысына арналған. Қалған су айдындары рұқсат етілмеген аумақ болып саналады және онда суға түсуге тыйым салынған.
Тұрғындар мен қала қонақтарына ыңғайлы болу үшін рұқсат етілген демалыс орындары туралы ақпарат 2GIS картографиялық платформасында орналастырылған. ТЖД судағы қауіпсіздік талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364 және 412-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Атап айтқанда, өткен жылдың жазғы маусымында ТЖД қызметкерлері полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген рейдтер барысында рұқсат етілмеген су айдындарында шомылған азаматтарға қатысты 176 әкімшілік хаттама толтырылған.
— Судағы адамдардың өлімінің барлық жағдайы рұқсат етілмеген шомылу орындарында тіркелген. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері — су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болған. Атап айтқанда, су айдындарының жабдықталмаған учаскелерінде шомылу, мас күйінде шомылу және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру. Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын су айдындарында шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы көптеген жазатайым оқиғаның алдын алуға болады. Азаматтарға тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда ғана суға түсу ұсынылады. Сонымен қатар алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түсуге болмайды. Белгіленген шектеулерді сақтау, қоршаулардан аспау, көпірлерден, жүзу құралдарынан және суға түсуге арналмаған өзге де нысандардан секірмеу қажет, — дейді спикер.
Еске сала кетейік, бұған дейін Өскеменде суға шомылуға жабдықталмаған жерде екі адам суға батып кеткенін жазған едік.