Елорда мектептерінде «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң талаптары қалай орындалып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң жобасына сәйкес мектеп мұғалімдерінен артық есеп-қисап талап етуге немесе міндетінен тыс өзге жұмысқа тартуға тыйым салынған. Осы орайда бүгінде бас қалада ұсзтардың кәсіби құқығының заң аясында жүзеге асырылу барысы тексерілуде.

Елорда мектептерінде «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң талаптары қалай орындалып жатыр

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бағымгүл Көптілеуова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрдің тапсырмасына сәйкес, 1 сәуірден бастап департамент өкілдерді ұстаздардан артық есеп-қисап талап ету мәселесіне мониторинг жүргізіп жатыр. Алдымен министрліктің осы №133 бұйрығын орындау мақсатында білім беру ұйымдарының басшылары мен қызметкерлеріне ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, осы бұйрықты негізге ала отырып, ұстаздардың жұмысы барысында қайталанатын 26 есеп тізімнен алынып тасталды. Мұның өзі ұстаздардың жұмысын жеңілдетуге септігін тигізді», - деді ол.

Департамент басшысының сөзіне сенсек, мұғалімдерден артық есеп талап еткені үшін айыппұл қарастырылған. Оның көлемі 20-дан 120 АЕК-ті құрайды.

«Осы орайда елордалық ұстаздарға айтатынымыз, өз қызметінен тыс жұмыстарға тарту жағдайы тіркелсе немесе артық есеп талап етілсе, ондай құқықбұзушылық туралы біздің департаментке хабарласуларына болады», - дейді ол.