Елорда полициясына күн сайын азаматтардан 3 мыңға жуық өтініш түседі

«Полицияның «102» жедел шақыру арнасына күн сайын азаматтардан шамамен 2-3 мың өтініш келіп түседі. Жыл басынан бері 166 мыңға жуық қоңырау шалынды. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға көп. Қылмыс фактілері бойынша 11 мыңнан астам, құқық бұзушылықтар мен оқиғалар бойынша 97 мыңнан астам және өзге сипаттағы 57-ден астам хабарлама алдық», - деді Қайрат Раушанов БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында.
Осы орайда орталық бастығы бейнебақылау камералары қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтауда пайдаланылатын техникалық құралдардың ажырамас бөлігі екендігіне назар аударды.
«Соңғы жылдары ішкі істер органдары жүйесін кезең-кезеңімен реформалау жобасы белсенді іске асырылып жатыр. Реформаның басты міндеті мен негізгі талабы – халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделі және полиция қолжетімдігі», - деді ол.