Елорда полициясы 10 дрон кешенін 83,5 млн теңгеге жалға алмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының ПД «Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы» жобасы аясында пилотсыз авиациялық жүйелерді (ПАЖ) жалға алу жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізіп жатыр. Бұл жөнінде ведомство ресми сауалымызға жолдаған жауабында мәлімдеді.
– Елорда полициясында DJI Mavic 2 zoom дроны бар, ол 2021 жылы 1 007 876 теңгеге сатып алынған. Алдағы уақытта 10 дана дрон кешені жалға алынады, құны – 1 жылға 83 566 496 теңге. Сондай-ақ құрылғыларды басқару және үйлестіруге арналған орталықтандырылған жүйе енгізіледі, - деп мәлімдеді ведомство ресми жауапта.
Мәліметке сай, бұл ақыға төмендегі құрылғылар мен қызметтер кіреді:
• Бейнебақылауға арналған жабдығы бар 10 дрон;
• Әрбір дронға арналған дронопорт. Әр дронопорттың деректерді талдау жүйесі, қауіпсіздік камералары болады. Онда дрондар белгіленген кесте бойынша автоматты түрде ұшып-қонады, сақталады, қуат алады;
• Дронды басқаруға және дроннан Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына тікелей трансляция жасауға арналған автоматтандырылған жұмыс орны;
• Ұшуды басқару орталығы. Ол серверлік жабдығы және барлық дронды бірыңғай басқару платформасы бар арнайы бағдарламаны қамтиды;
• Деректерді сақтау серверіндегі сыйымдылық. Әр пилотсыз авиациялық жүйеден алынған бейнедерек кемінде 30 тәулік сақталады;
• Дрондарды тәулік бойы басқарып, бақылайтын кемінде 5 оператор. Арнайы сертификаты бар әр маманға 2 дроннан келеді;
• Жалдау мерзімінде жүйенің барлық элементтерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін техникалық қолдау және қажет болған жағдайда жабдықты ауыстыру;
• Пилотсыз авиациялық жүйелер саласындағы ҚР заңнамасын қызмет көрсетушілердің сақтауы (қажетті рұқсаттарды, лицензияларды, сертификаттарды алу).
Елорда полициясының мәліметінше, аталған жобаның мақсат-міндеті мен тиімділігі зор.
• Саябақтарды, базарларды, қала маңы мен басқа да қауіп-қатері жоғары аймақтарды әуеден патрульдеу, қалдықтарды тастау, көлдерді ластау, сондай-ақ муниципалдық жерлерден топырақты заңсыз шығару фактілерін анықтау;
• Әуеден бақылау арқылы жердегі патрульдеу жүктемесін азайту;
• Құқық бұзушылықтар мен әкімшілік теріс қылықтарды (жаппай төбелес, ұрлық, жол қауіпсіздігі ережелерін бұзу және т.б.) бейнетіркеу;
• Жол-көлік оқиғасы орнынан 3D модель жасау;
• Бұқаралық, мерекелік және спорттық іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысу;
• «102» арнасы және бейнебақылау камералары арқылы келіп түскен хабарламаларды мейлінше қысқа уақытта қарастыру;
• Бейнеағымды ҚР ІІМ-нің қолданыстағы бейнеаналитика платформасына жинау және деректерді полицияның жағдаяттық орталығына жіберу.
Сондай-ақ Полиция департаменті мұндай кешенді сатып алғаннан гөрі жалға алу тиімді екенін атап өтті.
Айта кетейік бұған дейін полиция дрондары мыңдаған құқықбұзушылықты әшкерелегенін хабарлағанбыз.