Елордада «Генералдар кеңесінің» мерейтойы аталып өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қазақстан Республикасы «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Мерейтойлық жиын тағдыры Отанға қызмет етумен тығыз байланысты ардагерлерді, қызметтегі қолбасшылар мен елдің күштік құрылымдарының басшыларын бір алаңға тоғыстырды. Мерекелік шараға Қазақстандағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін негізгі ведомстволардың өкілдері қатысты.
Атап айтқанда Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі, Қаржылық мониторинг агенттігі, Қорғаныс министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері болды.
— «Генералдар кеңесі» осыдан ширек ғасыр бұрын әскери және құқық қорғау саласына ғұмырын арнаған азаматтардың тәжірибесін сақтау әрі оны кейінгі буынға жеткізу мақсатында құрылған. Осы уақыт ішінде ұйым кіші офицерлік құрамнан бастап жоғары әскери шендерге дейінгі жолдан өткен қолбасшыларды біріктіретін беделді алаңға айналды. Олардың кәсібилігі, стратегиялық ойлау қабілеті мен антқа адалдығы тәуелсіз Қазақстанның нығаюына зор үлес қосты, — делінген хабарламада.
Салтанатты бөлім барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылып, мерейтойлық медальдар табысталды. Сонымен қатар күштік құрылымдардың басшылары мен ардагерлері сөз сөйледі.
Концерттік бағдарламада ІІМ, ҰҚК, Қорғаныс министрлігі және ТЖМ-нің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Өмірден өткен генералдарды еске алуға арналған үнсіздік минуты көпшілікке ерекше әсер сыйлады. 25 жыл — бұл жай ғана ұйымның мерейтойы емес.
Бұл — елге қызмет етудің, табандылық пен кәсібиліктің ширек ғасырлық тарихы. Бұл — әр кезеңде, әртүрлі жағдайда бір мақсат жолында еңбек еткен, елді, халықты және Қазақстанның болашағын қорғаған азаматтардың шежіресі. Бүгінде олардың тәжірибесі, білімі мен беделі Қарулы күштер мен құқық қорғау органдары сапында қызмет жолын енді бастаған жас офицерлер үшін маңызды бағдар болып қала береді.
Айта кетейік, жақында 12 генерал дене дайындығы бойынша сынақтан сүрінбей өтті.