Елордада халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанаға 20 елден тау-кен саласының мамандары мен сарапшылар жиналды.

15-і халықаралық тау-кен металлургия конгресіне Қазақстаннан бөлек Аустрия, Ұлыбритания, Германия, Еуроодақ, Испания, Канада, Қытай, Моңғолия, Ресей, Сауд Арабиясы, Түркия, Өзбекстан, Финляндия, Франция, Швейцария, Швеция, Чили, Жапония, Тәжікстан елінен өкілдер қатысып жатыр.

Айтулы іс-шараның аясында форум, көрме, «Алтын Гефест» салалық байқауы, көмір форумы, алтын өндірушілер форумы, зергерлер конгресі, панельдік сессиялар, бос жұмыс орындар жәрмеңкесі, b2b және g2b кездесулер қатар өтіп жатыр.

Конгресс бірнеше халықаралық сессиядан тұрады:
1) Халықаралық серіктестік Ұлыбритания және Қазақстан: екіжақты ынтымақтастықтың кейсі;
2) Әлеуеттің ашылуы — Швеция және Қазақстан: тұрақты тау-кен өндірісі, цифрлық шешімдер және жасыл трансформация;
3) Жаңа технологиялар, тәжірибе және заманауи шешімдер — бәрі біреуінде: Қазақстанның тау-кен металлургия саласына арналған Канададан ең үздік ұсыныстар;
4) CNMC және NFC инвестициялық Road Show таныстырылымы: Қазақстан-Қытай.

Сондай-ақ екі күн бойы өтетін халықаралық конгресс барысында 387 екіжақты b2b кездесулер жоспарланып отыр. Сонымен қатар әлемдегі молибден бойынша № 1 Чили компаниясы Molymet-пен Қазақстанда молибден өнімдерін өндіру туралы 4 меморандумға қол қою көзделіп отыр.

Одан бөлек «Евразиялық топ» ЖШС мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті тараптары арасында цифрлық геологиялық ақпаратты беру туралы келісімге қол қою салтанаты өтпек.

Халықаралық көрмеге 12 елден 50 компания өз өнімдерін қойған, оның ішінде 35 қазақстандық компания және 15 шетелдік компания бар.
Айта кетейік, биыл наурызда Үкімет басшысы Олжас Бектенов геологиялық барлау мен жер қойнауын пайдалануды дамыту жөнінде кеңес өткізді.
Еске салайық, жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жер қойнауын пайдалануда реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс деген еді.