Жер қойнауын пайдалануда реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс - Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жер қойнауын пайдалану саласына қатысты тапсырма берді.

кеңейтілген отырыс
Фото: Ақорда

- Еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен. Демек біз осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отандық бизнесмендерге де басымдық берген жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келгенін еске салды.

- Жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды. Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек. Жер қойнауын пайдалану саласындағы реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс. Бұл – принципті ұстаным. Үкімет мұны қатаң түрде сақтауы қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Мемлекет басшысы 2024 жылды еліміз оң көрсеткіштермен аяқтағанын айтты.

 

Соңғы жаңалықтар