Елордада көшеге қоқыс тастаған азаматтар 446 миллион теңге айыппұл төлеген

АСТАНА. KAZINFORM — Қоғамдық орындарға қоқыс тастағаны үшін 13 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл жөнінде Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Медет Жалпыбаев мәлімдеді.

қоқыс
Фото: Талғатжан Мұхаметбекұлы/Kazinform

Ол қоғамдық орындарды ластағандарға, қаланың абаттандыру ережелерін бұзғандарға және көліктің терезесінен жолға қоқыс тастағандарға айыппұл салу бойынша 2025 жылғы статистикаға тоқталды.

– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 434-2-бабы (Қоғамдық орындарды ластау) бойынша – 13 276 құқық бұзушы анықталып, 446 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. ӘҚБтК-нің 505-бабы (Қаланы абаттандыру ережелерін бұзу) бойынша – 31 952 құқық бұзушы анықталып, шамамен 53 миллион 590 мың теңге сомасында айыппұл салынды. ӘҚБтК-нің 344-бабы (Көлік құралын пайдалана отырып, стихиялық қоқыс үйінділерін жасау) бойынша – 43 құқық бұзушы анықталып, шамамен 11 миллион теңге сомасында айыппұл салынды, – деді маман ресми сауалымызға жолдаған жауабында.

Сонымен бірге, ол 2026 жылы 1 қаңтардан қазірге дейінгі деректерді бөлісті.

– Астана қаласының Полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, ӘҚБтК-нің 434-2-бабы (Қоғамдық орындарды ластау) бойынша – 323 құқық бұзушы анықталып, 7 миллион 300 мың теңге сомасында айыппұл салынды. ӘҚБтК-нің 505-бабы (Қаланы абаттандыру ережелерін бұзу) бойынша – 18 000 құқық бұзушы анықталып, 35 миллион теңге сомасында айыппұл салынды. ӘҚБтК-нің 344-бабы (Көлік құралын пайдалана отырып, стихиялық қоқыс үйінділерін жасау) бойынша – 22 құқық бұзушы анықталып, шамамен 4,7 миллион теңге сомасында айыппұл салынды, – деді Медет Жалпыбаев.

Айта кетейік, бұған дейін елордадағы қоқыс сұрыптау зауытында жаңғырту жұмыстары қашан аяқталатынын жазғанбыз.