Орталық Азияда жалғыз - Елордада онкопатологияны емдейтін орталық ашылмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада онкопатологиямен ауыратын пациенттерді емдейтін Орталық Азиядағы жалғыз орталық ашылмақ. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, соңғы жылдары медицина саласын, оның ішінде медициналық туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Шетелдік пациенттерді тарту үшін денсаулық сақтау ұйымдары мен сервистік қызметтердің әлеуетін арттыруға, санаторий-курорт ұйымдарының базасында сапалы инновациялық медициналық және сауықтыру қызметтерін қалыптастыруға назар аударылып отыр. Осыны іске асыру мақсатында Үкімет Қазақстан Республикасының туристік индустриясын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті, - деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының дерегінше, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық туризмді дамытуға бағытталған жол картасын қабылдады. Санаторий-курорт саласын дамыту мақсатында 2022 жылы Денсаулық сақтау министрлігінде Курортология және медициналық реабилитация ғылыми-зерттеу институты құрылды. Еліміздің 2 санаторийі («Манкент», «Оқжетпес») халықаралық аккредитациядан өтіп, Бурабайда орналасқан «Оқжетпес» шипажайы Орталық Азиядағы «EuropeSPA» халықаралық сертификатын иеленген алғашқы санаторий болды.
- Бүгінде еліміздің медицинасы Орталық Азияда жетекші болып, озық емдеу технологияларын енгізуде. «ALEM (АЛЕМ)» инновациялық құрылғысы жасалды, ол донор органдардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар елімізде Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық базасында онкопатологиямен ауыратын пациенттерді емдеуге бағытталған протондық терапия бөлімін ашу жоспарланып отыр. Ол Орталық Азиядағы жалғыз бейінді орталық ретінде белгіленген. Бұған қоса, медициналық технологияларды бағалау жүйесі енгізіліп, озық тиімді емдеу және диагностика әдістерін қолдану тәсілдеріне баса назар аударылуда, - деді Премьер-министр.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Үкімет басшысына жолдаған сауалында медициналық туризм саласында бірыңғай оператор құруды ұсынған еді.