Елордада отбасылық форматтағы экологиялық сенбілік ұйымдастырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қызметкерлері мен өнерпаздары жанұяларының қатысуымен EcoFamily экологиялық-танымдық отбасылық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада отбасылық форматтағы экологиялық сенбілік ұйымдастырылды
Фото: Астана әкімдігі

Табиғатқа жанашырлық пен отбасылық бірлікті ұштастырған іс-шара елорданың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталды. EcoFamily отбасылық сенбілігі аясында филармония ұжымы мен қызметкерлердің жақындары бірлесіп сенбілік өткізіп, қоршаған ортаны тазарту жұмысына қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар аумақты қоқыстан тазартып, табиғатты қорғау ісіне өз үлестерін қосты. Сонымен қатар шара ұжымдық бірлікті нығайтып, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік берді.

— Тазалық отбасыдан басталады дейді ғой. Астанамыз шағын отбасыдай, сондықтан да елордамызға үлкен құрметпен қараймыз. «Тазалық – тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде» дейді ғой. Сол себепті қаламызды таза ұстап, осындай іс-шараларға жиі қатысып, атсалысып, өзіміздің қаламызға деген құрметімізді білдіріп жүрейік, — деп атап өтті Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның халық ән бөлімінің әншісі, мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Нұрай Танабаев.

Елордада отбасылық форматтағы экологиялық сенбілік ұйымдастырылды
Фото: Астана әкімдігі

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Майра Ілиясова экологиялық бастамаға қолдау білдіріп, тазалық мәдениетін ұрпақ тәрбиесімен байланыстыратынын атап өтті.

— Бүгінгі біздің сенбілік ерекше. Өйткені бұл – EcoFamily отбасылық сенбілігі. Осы орайда немерем Айсамияны сенбілікке әкелдім. Жалпы, тазалық үйден басталады. Кішкентай балаларымызға бәрі тазалық сақтауды үйрету қажет деп есептеймін. Филармонияның бір топ қыз-жігіттері кішкентай сәбилеріне дейін әкеліп, өте тамаша сенбілік өтті, — дейді әнші Майра Ілиясова.

Елордада отбасылық форматтағы экологиялық сенбілік ұйымдастырылды
Фото: Астана әкімдігі

Сенбілікке 40-тан астам адам қатысып, қоршаған ортаны таза ұстау ісіне өз үлестерін қосты. Отбасылық форматта өткен сенбілік экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоғамдағы жауапкершілік құндылықтарын насихаттауға бағытталды.

Бұған дейін мыңдаған ақмолалық «Таза Қазақстан» экологиялық марафонына қатысқанын жазғанбыз.