Елордада полиция интернет арқылы қылмыс жасады деген күдікпен 14 адамды ұстады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық Полиция департаментінің киберқауіпсіздікпен күрес бөлімінің қызметкерлері интернет арқылы қылмыс жасаған 14 күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтармен күрес тиімділігін арттыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының аумағында «Anti-Fraud» жедел алдын алу шарасы ұйымдастырылған.

Ол үшін департаменттің ең тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, үш күнде тәртіп сақшылары интернет желісінде 50-ге жуық қылмыстың бетін ашқан. Интернет-алаяқтықтың 29 фактісі және 7 интернет арқылы жасалған ұрлық анықталды.

Іздестіру шаралары барысында полиция интернет желісінде қылмыс жасаған 14 күдіктіні қолға түсірді.

40 жастағы ер адам ұсталды. Оның онлайн алаяқтықтың 40-тан астам фактісіне қатысы бар екені дәлелденді. Ер адам ақпаратты заңсыз жинау арқылы ҚР азаматтарының жеке мәліметтерін алып, оларды пайдалана отырып, ақпараттық технологиялардың көмегімен несие рәсімдейтін болған. Қазіргі уақытта ер адам қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ, 20 тамызда полиция азаматтарға банктерден үлкен мөлшерде несие алуға уәде берген 31 жастағы елорда тұрғынын ұстады. Банктерден несие ала алмаған көптеген қала тұрғындары Интернеттегі делдалдарға жүгінеді. Бес қала тұрғынын алдаған күдікті де дәл осындай делдал болып шықты. Алаяқ өзінің «қызметі» үшін алдын-ала төлем талап етіп, qiwi әмиянына ақша аудартып, желідегі жарнамалары мен телефон нөмірлерін өшіріп тастаған. Қазіргі таңда осы әрекет бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар
telegram