Елордада тәуелсіздік тарихынан сыр шертетін фотокөрме ашылады

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - 1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні. Осыған орай Астана қаласында ұйымдастырылып жатқан мерекелік іс-шаралар жетерлік. Солардың бірі - Тәуелсіздік сарайында өтетін фотокөрме.

Елордада тәуелсіздік тарихынан сыр шертетін фотокөрме ашылады

Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтынан хабарлағандай, бұған арқау болған белгілі фототілші Шүкір Шахайдың «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» және Владимир Куриловтың «Астана - Елбасының тарихи ерлігі» атты еңбектері. Осыған орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында  фотографтар  өздерінің таңдаған тақырыптары туралы тарқатып айтып берді.

Владимир Курилов, фотограф:

«Астананың бой көтеруі расында да үлкен тарихи ерлік болды. Өйткені, мұндай ерлікке бару кез келген адам емес, кез келген мемлекет басшысының қолынан келе бермейді деп ойлаймын. Астана - ұлт болашағы, мемлекеттің  бет-бейнесі».

Барлық саналы ғұмырын елінің тарихи кезеңдері мен танымал тұлғаларын  суреті арқылы  танытуға арнап келе жатқан фотограф «бұл көрмеге қойылған жұмыстар бар еңбегімнің 10 пайызы ғана» деп отыр. 150-ге жуық суреттің  ішінен Ақорда, Хан Шатыр сауда ойын-сауық орталығы, Бәйтерек монументі сынды елорданың күндізгі, түнгі келісті келбетін көруге болады. Келем деушілерге 16 қараша мен 5 желтоқсан аралығында  Тәуелсіздік сарайының есігі ашық.