Елордада тұңғыш рет АІ-фильм фестивалі өткізілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде ЮНЕСКО-ның қолдауымен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада өтеді. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Биыл тамызда елімізде ЮНЕСКО-ның қолдауымен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада өтеді. Аталған білім додасына 100 елден келетін оқушылар мен студенттер қатыспақ. Бұған қоса елімізде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Болашақ ойындары сияқты бірегей жобалар дәріптелуде. Сондай-ақ осы жылы күзде Астанада тұғыш рет АІ-фильм фестивалі өткізілмек, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңа цифрлық және көлік дәліздерін, мәліметтерді сақтау орталықтарын ашу үшін жүйелі жұмыс істелініп жатқанын атап өтті.
— Сол арқылы Ұлы жібек жолын жаңаша сипатта жаңғыртып, көне ғасырлардағы әйгілі кітапханалардың заманауи нұсқасын ұсынуға мүмкіндік туады бұл шын мәнінде дәстүр мен жаңашылдық үйлесім тапқан озық заманның көрінісі болмақ, — деді Мемлекет басшысы.
Президент Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекеттерге қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болғанына назар аудартты.