Елордада үй кезегінде тұрғандар мен жұмыс істейтін жастарға 2 мыңға жуық пәтер беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл соңына дейін Астанада баспана кезегінде тұрған азаматтар мен жұмыс істейтін жастарға 1856 пәтер беріледі.

Пайдалануға берілетін көппәтерлі екі тұрғын үйдің жалпы ауданы 44,4 мың шаршы метрді құрайды, ал пәтер саны – 806.
Астана қаласының құрылыс басқармасының мәліметінше, жоба аясында келесі жұмыстар аяқталады:
– Е16, Е32, Е45, Е24 көшелері қиылысында орналасқан (жобалық атауы) кіріктірілген үй-жай мен автотұрағы бар көппәтерлі тұрғын үй кешені. Құрылыстың екінші кезеңінде 658 пәтер қарастырылған;
– Е20, Е32 және Е33 көшелері қиылысында орналасқан (жобалық атауы) автотұрағы бар көппәтерлі тұрғын үй кешені, онда 148 пәтер кіреді.
Сонымен қатар жұмыс істейтін жастарға 1050 пәтер берілмек.
Өткен жылы Астана қаласының құрылыс басқармасы жұмыс істейтін жастарға 1050 дайын пәтер сатып алу бойынша келісімшарттар жасасты.
Астана әкімдігінің Kazinform агенттігінің сұрауына берген жауабына сәйкес, пәтерлерді тапсыру жеткізушілерден қабылдап алғаннан кейін басталады, яғни шамамен 2025 жылдың мамыр-қазан айлары аралығында.
Аталған жылжымайтын мүлік Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының қарауына өтеді, ал басқарма пәтерлерді үміткерлер арасында бөлу жұмыстарымен айналысады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінде Астана қаласының коммуналдық тұрғын үй қорының есебінде 38 мыңнан астам азамат баспана кезегінде тұр.
Айта кетсек, наурызда өткен Үкімет отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин биыл елімізде рекордтық көлемде тұрғын үй пайдалануға берілетінін мәлімдеген еді.
Сондай-ақ елордада тұрғындарды пәтерге тіркеуге қоюдың жаңа тәртібі туралы жазған болатынбыз.