Елордалық спортшы Әлем кубогында қола медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Көркем гимнастикадан Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен әлем кубогының 3-кезеңінде ел намысын қорғаған елордалық Ақмарал Ерекешева жүлдегерлер қатарынан көрінді. бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті.

Елордалық спортшы Әлем кубогында қола медаль жеңіп алды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Ақмарал алғаш рет ересектер деңгейіндегі ірі халықаралық жарысқа қатысып, таспа жаттығуында 27.000 ұпай жинап, қола медаль иеленді.

Жарыс қорытындысы бойынша:

1-орын: Дарья Варфоломеева (Германия, Париж Олимпиадасының чемпионы) – 28.800 ұпай;
2-орын: София Раффаэли (Италия, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері) – 28.500 ұпай;
3-орын: Ақмарал Ерекешева (Қазақстан) – 27.000 ұпай.

Елордалық спортшы Әлем кубогында қола медаль жеңіп алды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Ақмарал Ерекешева жарыс барысында Азия ойындарының чемпионы Тахмина Икромова (Өзбекстан), әлем чемпионатының жүлдегері Таисия Онорийчук (Украина) және Болгария өкілі Стилияна Николованы артта қалдырды.

Сондай-ақ жерлесіміз көпсайыс нәтижесінде үздік ондыққа енді.

Бұған дейін көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы Ташкенттегі Әлем кубогында күміс медаль алған болатын.