Елорданың көлік инфрақұрылымын жақсарту: қаланы айналып өтетін теміржол салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов жұмыс кездесу барысында елорданың көлік жүйесін дамыту бойынша кешенді стратегия әзірлеу бойынша жиын өткізді. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
Тараптар жол және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуды, теміржол қатынасын қалалық ортаға интеграциялауды, сондай-ақ елорда шекараларында көлік-логистикалық жүйені, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және қалалық ұтқырлықты дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруды қоса алғанда, өзекті мәселелерді талқылады.
Астана бүгінде еліміздің негізгі көлік хабы болып табылып, ол арқылы Қазақстанның барлық өңірлерін байланыстыратын және одан тысқары шығатын аса маңызды теміржол, автомобиль және авиациялық маршруттар өтетіндігі аталды.
— Жеке инвестицияларды тарта отырып, қаланы айналып өтетін теміржол жолын салу жөніндегі басымдықты жоба жеке қаралды. Қала астананың даму мен халықаралық ынтымақтастық, инвестициялар тарту орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып, логистикалық ағындарды басқаруда, жолаушылар мен жүк тасымалын үйлестіруде стратегиялық рөл атқарады, — делінген хабарламада.
Көлік тораптарына іргелес аумақтарды абаттандыру, логистиканы жақсарту және инфрақұрылым объектілерінің өткізу қабілетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Диалог шеңберінде екі тарап қазіргі Астананың қажеттіліктеріне жауап беретін тиімді және орнықты көлік жүйесін құру үшін күш-жігерді одан әрі үйлестіру туралы уағдаласты.