Елорданың жасыл аймағына қойылатын санитарлық талаптар күшейтіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Астана іргесіндегі жасыл белдеуді сақтау және қорғау мақсатында санитарлық талаптар қатаңдайды. Бұл туралы Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов мәлім етті.
— Санитарлық қорғауға 4 жасыл аймақ алынады. Ол демалыс аймақтары, серуендеу аймақтары, фауна аймағы, қайта қалыптастыру аймағы. Санитарлық ережелер 7 тарау, 31 тармақтан тұрады, — деді Дәулет Досқұлов қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.
Оның айтуынша, елорда тұрғындары мен қонақтары жасыл аймақтарда емін-еркін қыдырып, демала алады, ең бастысы санитарлық талаптарды сақтау қажет.
— Санитарлық қорғауға алынған жасыл аймақтар аумағында мал жаюға, қоқыс жинауға, жасыл аймақ аумағындағы аң-құстарды аулауға және басқа да ландшафтқа зияны тиетін іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Талаптар бұзылған жағдайда әкімшілік және қылмыстық кодекс аясында жауапкершілік қарастырылған. Елорда іргесіндегі жасыл аймақ қолдан жасалынғанымен ол ерекше ландшафт, ол қаланы жел мен шаңнан қорғайды, — деп толықтырды басқарма басшысы.
Спикер келтірген мәліметке сүйенсек, Астана іргесінде жасыл аймақтың көлемі 14,7 гектар, ол жерге 14,6 әртүрлі көшет отырғызылған.
Айта кетсек, жақында Астананың жасыл белдеуіне жүздеген қырғауыл жіберілді.