Астананың жасыл белдеуі: климатқа әсері, демалыс аймақтары және даму жоспары

АСТАНА.KAZINFORM – Елорданың айналасындағы жасыл белдеу алдағы уақытта үлкейе түседі, ол үшін бос жерлерге жаңа көшеттер егіледі. Қазір алғашқы жұмыстар басталды. Топырақтың сортаңдығын анықтау үшін әуелі ғылыми сынақтар жүргізіледі, содан соң көшет егу басталады. Мұның бәріне шамамен бес жылдай уақыт қажет. Ал «Жасыл белдеу» қала климатына қалай әсер етіп жатыр? Kazinform тілшісі тақырыпты толығырақ зерттеп көрді. 

Жасыл белдеу
Фото: Kazinform

Жаңа кезең, жаңа көшеттер

Бір кездері бұл жердің бәрі жазық дала еді. Астананың сортаң топырағында тал өседі десе, көпшілік таңырқай қарайтын. Бірақ жердің бабын тапса, бұл жерде тұтас орман өсіруге болатынын ғылым дәлелдеді.

Жасыл белдеу
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

«Жасыл белдеуді» қалыптастыру жұмысы 1997 жылы басталған. Содан бері 15 мың гектарға жуық аумаққа көшет егілді. Елорда аумағын қоршай, сегіз бағытта орман алқаптары бой түзеді. Бұл жұмыстар екі кезеңді қамтып, 2024 жылға дейін жүзеге асты. Бас-аяғы 16,3 млн түп көшет тамырын тереңге жайып, саялы ағашқа айналған.

Енді жасыл белдеу одан әрі қалыңдай түседі. Аумақтағы бос жерлерге тағы мыңдаған жаңа көшет егіледі. Қазір мамандар сортаң топырақты зерттеп, оған қандай ағаш түрлері жақсы жерсінетінін анықтап жатыр. Егер бұл бастама да жүзеге асса, Астана айналасы жасыл желекті жұмақ мекенге айналады.

- Қазіргі уақытта Жасыл белдеудің қолданыстағы аумағын кеңейту емес, оның ішінде ағаш отырғызылған жер көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Осы мақсатта орман патологиясы мен топырақ сапасын бағалау бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зерттеу нәтижелері бойынша ағаш отырғызуға қолайлы учаскелер анықталады. Аталған жұмыстарды шамамен бес жылдан кейін іске асыру жоспарланып отыр, – деді Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы көгалдандыру және табиғатты пайдалану бөлімінің бас маманы Сағыныш Сағынтаев.

Жасыл белдеу
Фото; Аружан Арманқызы/Kazinform

Шаңды дауыл, боран, тұман: Астана климаты өзгерді 

Жасыл белдеуді салудағы әуелгі мақсат — қысы қытымыр, климаты құбылмалы елорда ауа райын тұрғындарға жайлы ету еді. Нәтиже де бар. Синоптиктердің мәліметінше, жасыл белдеудің арқасында елордада шаңды дауыл үш есе азайған. Бұрқасын мен тұман да сирек байқалады. Жалпы, қала климаты біршама жақсарған.

- Қазгидромет мекемесінің мәліметіне сүйенсек, бұрын боранды күндер саны 38  болатын. Қазір жасыл белдеудің арқасында қала ішінде бұл көрсеткіш 22 күнге дейін азайған. Ал тұманды күндер саны 37-ден 21 күнге дейін қысқарды, - деді «Астана орманы» мекемесінің бас агрономы Ардақ Хасенов.

Жасыл белдеу
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Қыста орман алқабы қарды ұстап, топырақтағы ылғал қорын сақтайды. Бұл далалы аймақ үшін маңызды.

Осылайша, 29 жыл ішінде жасыл белдеу елорданың табиғи бөлігі болып қана қоймай, қаланың экологиялық қалқанына айналды. Қалың ағаш желдің екпінін бәсеңдетіп, шаң-тозаңды сіңіреді. Өндіріс орындары мен көліктерден бөлінетін зиянды заттардың таралуын тежеп, қала ауасының тазаруына да ықпал етеді.

жасыл белдеу
Фото: Kazinform

Жасыл белдеу жануарларға мекен болды

Бүгінде мұнда ағаштың 36 түрі өсіп тұр. Олардың қатарында кәдімгі қарағай, венгр бөртегүлі, жапырақты үйеңкі, қайыңның бірнеше түрі және терек бар. Шырша мен емен де кездеседі.

Аумақта 1973 жылдары отырғызылған ағаштар да кездеседі. Ал 1997 жылы егілген алғашқы көшеттердің биіктігі бүгінде 8-13 метрге жеткен. 

Жасыл белдеу
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Жасыл желек көбейген сайын мұнда жануарлар да мекендей бастаған. Алдымен қояндар пайда болды. Кейін түлкі мен қарсақтар келе бастады. Қазір мұнда елік, тіпті бұғы да кездеседі. Осылайша 29 жыл бұрын қолдан егілген алқаптың бүгінде өз тіршілігі қалыптасқан.

- Біз осындай үлкен орман қалыптастырдық. Флора бар жерде фауна да болады. Алғашында қояндар өздігінен пайда болды. Қазір олардың саны артып келеді. Кейін бұғыларды оңтүстік-батыс бөліктен көрдік. Құстар да келе бастады. Жануарлар дүниесі біртіндеп қалыптасып, көбейіп келеді. Уақыт өте келе бұл жасанды орман табиғи экожүйеге айналып, жан-жануарға мекен болатын толыққанды орман болады деп үміттенеміз, - деді ол.

Жасыл белдеу
Фото: Ардақ Хасеновтың жеке мұрағатынан

Жасыл белдеудің сақшысы: орманшының күнделікті еңбегі

Алғашқы үш жылда көшеттерге ерекше күтім жасалады. Тамыры топыраққа бекіп, бойы жетілгенше тұрақты суарылады, арамшөптері жұлынады. Бұл жұмыстардың дені жаз бойы жүргізіліп, оған маусымдық жұмысшылар да тартылады.

Күз келіп, орман алтын түске боялған кезде де жұмыс тоқтамайды. Қазір орманды өрттен қорғау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орманшылар жыл он екі ай алқапты бақылап, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жасыл белдеу
Фото: Бейнематериалдан алынған скрин

Қанатбек Саметовтың тағдыры табиғатпен тамырласқан. Ол «Жасыл белдеуде» орманшы болып еңбек етеді. Әр ағаштың түрін біледі, алқапты өрт пен өзге де қауіптен қорғайды. Мұнда онымен бірге тағы 41 адам жұмыс істейді.

- Қазір орманның ауасы өте таза. Ағаштар өскелі бері мұнда серуендеудің өзі бір ғанибет. Адамдар да келіп, жаяу жүріп, таза ауада демалып жатады. Біз олардың демалысын бақылап, орманды таза ұстауға шақырамыз. Әсіресе, қоқыс тастамауын, от жағатын заттарға абай болуын ескертеміз. Әр уақыт бәрін тексеріп отырамыз, - деді ол.

Жасыл белдеу
Фото: Бейнематериалдан алынған скрин

Оның айтуынша, жаз-күз мезгілінде мұнда демалушылар көп келеді. Бірі қарақат терсе, енді бірі таза ауада тынығады. Заң бұзушылықтар да аз. Себебі орманшылар аумақты ұдайы бақылауда ұстайды.

- Заңсыз ағаш кесуге жол бермейміз. Соңғы дерек 2019 жылы тіркелді. Жаңа жыл қарсаңында шырша кесуге келген әйелді орманшылар ұстап, жауапкершілікке тартты. Қураған ағаштарды да кесуге болмайды. Олар орманның табиғи айналымы үшін қажет. Уақыт өте шіріп, топыраққа қорек болады, - дейді ол.

Жасыл белдеу
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Екпе орман жылдар бойы өсірілді. Сондықтан мұнда әр ағаштың сұрауы бар. Оны заңсыз кесіп әкету де оңай емес. Орманшылардың қырағы көзінен заң бұзушылар айласын асыра алмайды.

Өтемі де жеңіл емес, бір ағашты заңсыз кескен адам 50 түп ағаш отырғызуға міндетті. Оларды үш жыл бойы күтіп-баптауы да тиіс. Бұған қоса, кесілген ағаштың түріне қарай 10-80 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Жасыл белдеу
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Елорда тұрғындары үшін жаңа демалыс орындары ашылады

Жасыл белдеу бүгінде тұрғындардың сүйікті демалыс орны. Мұнда 26 шақырмдық веложол мен 2,5 шақырым жаяу жүргіншілерге арналған жолдар бар. Атпен серуендеуге де мүмкіндік жасалған. Алдағы уақытта демалысқа арналған аумақтар саны да арта түседі.

жасыл белдеу
Фото: Kazinform

- Қазір бізде балаларға арналған екі ойын алаңы және екі автотұрақ бар. 2020 жылы атпен серуендеуге арналған жол салынды. Оның ұзындығы 14 мың метр. Алдағы уақытта отбасымен серуендеп, демалуға, балалардың ойнауына жағдай жасалады. Бұдан бөлек, орман маңындағы қазір пайдаланылмай тұрған карьерлердің орнына да түрлі демалыс орындарын салу жоспарланып отыр, - дейді ол.

жасыл белдеу
Фото: Kazinform

2025 жылы «Жасыл белдеуге» «Астана орман-парк аймағы» мәртебесі берілді. Енді аумақтағы ағаштарды көшіру немесе жер көлемін өзгерту үшін Үкіметтің қаулысы қажет.

Ал жасыл белдеуді күтіп-баптау міндеті 100 пайыз мемлекетке тиесілі «Астана орманы» мекемесіне жүктелген.

- Келешектегі жоспарымыз — жасыл белдеуді толыққанды орман-парк аймағына айналдыру. Биыл осыған қатысты жоба әзірлеуге тапсырма берілді. Қазір конкурс өтіп жатыр. Конкурс аяқталған соң, жеңімпаз жобаны әзірлеп, сараптамадан өткізеді. Содан кейін оны іске асыру жұмыстары басталады, - дейді «Астана орманы» мекемесінің бас агрономы Ардақ Хасенов.

жасыл белдеу
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Қорыта айтсақ, жасыл белдеуді күтіп-баптау жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді. Жаңа көшеттер отырғызылып, өскен сайын орман да қалыңдай береді. Бұл жасыл алқап елорданың ауасын жақсартып, климаттың қатаң әсерін бәсеңдетуге ықпал етіп отыр. Сонымен қатар тұрғындардың тынығуына арналған орындар да көбейіп келеді.

Айта кетейік, бұған дейін қаладағы ағаштардың бес пайдасы туралы мақала жариялаған едік