Елорданың ескі алаңынан «Халықтар достастығы 2009» автожорығы жолға шықты
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Автокөліктер Астана-Бурабай-Көкшетау-Қостанай-Ақтөбе-Орал бағыттарымен жалпы ұзындығы 2086 шақырым жолды еңсеретін болады. «Mercur auto» компаниясы мен Volkswagen AG концерні автожорықты ертең, қыркүйектің 5-і күні Қазан қаласында (Ресей) басталатын «Дакар» раллиіне («Silk Way Rally 2009») орайластырып ұйымдастырды. Ралли Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарын басып өтіп, қыркүйектің 13-і күні Ашғабадта мәреге жететін болады.
«Халықтар достастығы» автожорығы мен «Дакар» раллиіне қатысушылардың жолдары қыркүйектің 7-сі күні Орал қаласында түйіседі деп жоспарлануда.
«Mercur auto» компаниясының бас директоры Қанат Ақышевтің айтуынша, «Халықтар достастығы» автожорығы жыл сайын өткізіледі және ол әртүрлі маңызды атаулы күндер мен іс-шараларға орайластырылады. Биыл жолға шыққан Volkswagen Touareg үлгісіндегі 6 көліктің экипажында ұйымдастырушы екі компанияның мамандары, олардың серіктестері, сатып алушылар мен БАҚ өкілдері бар.