«Еңбек даңқы» орденінің берілуі, қатардағы еңбек адамына деген шынайы құрметтің нақты үлгісі - Г.Әбдіқалықова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлестері және қоғамдық қызметтері үшін бір топ азаматты жоғары наградамен марапаттады.
«Қалыптасқан ізгі дәстүр бойынша жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Н.Назарбаев ел дамуына еңбек сіңірген Қазақстан азаматтарының елеулі тобын мемлекеттік наградалармен марапаттайды. Мемлекет басшысының Жарлығымен бүгін тапсырылып отырған бұл жоғары мемлекеттік наградалар 1500-ге жуық ел азаматтарының, оның ішінде сіздердің еселі еңбектеріңізге берілген үлкен баға деп қабылдауымыз керек», - деді Мемлекеттік хатшы.
Г.Әбдіқалықова Елбасының биылғы Жолдауы күрделі кезең тұсында елімізді қиындықтарды еңсерудің және одан ары дамудың нақты бағыт-бағыттарын айқындап бергенін атап өтті.
«Ендігі жерде Елбасы белгілеген міндеттерді іске асыру барша халықтың, оның ішінде өздеріңіздей тәжірибелі, еңбекқор, отаншыл азаматтардың үлесінде. Бүгін награда алғалы тұрғандардың ішінде әралуан мамандықтардың иелері бар. Соның ішінде атап өтерлігі, биылғы жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен тұңғыш рет қарапайым еңбек адамдарына арналған 3 дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені тағайындалып отыр. Бұл елімізде жалпыға ортақ еңбек қоғамының қанат жайғанының және қатардағы еңбек адамына деген шынайы құрметтің нақты үлгісі деп білемін. Ел игілігі жолында тер төгіп жүрген сіздердің баршаларыңыз Қазақстанды жаңа биіктерге бастап еңбекте жемісті нәтиже көрсете береді деп сенемін», - деді ол.