Еңбек министрлігі 2026 жылы жарты миллионнан астам адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген Алқа отырысында ведомство басшысы Асқарбек Ертаев мәлім етті.
Отырысты ашқан ведомство басшысы Асқарбек Ертаев бүгінгі таңда министрлік жұмысының бас стратегиялық басымдығы халықты өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыру болып табылатынын атап өтті.
- Біз күш-жігерімізді нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс ондарын құру және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру бағытына жұмсауымыз қажет. Өткен жылдан бастап жұмысқа орналасу мониторингі тек міндетті зейнетақы жарналары туралы деректер негізінде жүзеге асырылып келеді. Бұл бізге формалды есепке алуды толығымен жоя отырып, нақты жұмыспен қамтылуды объективті бағалауға көшуге мүмкіндік берді, – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Ол келтірген деректерге қарағанда, бұл бағыттағы жұмыс Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында жүргізіліп келеді. Құжаттың негізгі макроиндикаторы – 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 миллионға жеткізу.
2025 жылдың қорытындысы бойынша экономикада осындай 2,9 млн жұмыс орнының жұмысы қамтамасыз етілді. 2026 жылы өңірлік карталар шеңберінде 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Биылғы жылдың маңызды қадамы ізденушілерге дербес бағдарды (маршруттарды) проактивті түрде таңдауға мүмкіндік беретін «ЖИ негізіндегі Цифрлық жұмыспен қамту қызметін» толық ауқымды іске қосу болмақ.
Ведомствоның басым міндеттерінің бірі – мүгедектігі бар адамдарды кешенді әлеуметтік қорғау. Оларды жұмыспен қамту тәсілдерін жетілдіру, техникалық қажет құралдарымен қамтамасыз ету және инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін арттыру мәселелері өзекті екені айтылды. Сондай-ақ, мүгедектігі бар балаларды дамыту мен әлеуметтендіруге ерекше назар аударылды.
Мүгедектікті тағайындау рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіруді тапсырды. Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында министрлік алдында әлеуметтік-еңбек саласын технологиялық тұрғыда жаңғырту бойынша ауқымды міндет тұрғаны сөз етілді.
Айта кетейік, алқа отырысында қатысушылар 2025 жылғы мемлекеттік саясатты іске асыру қорытындыларын шығарып, әлеуметтік-еңбек саласын дамытудың 2026 жылға арналған негізгі векторларын айқындады. Басты назарда – сапалы жұмыс орындарын құру, адами капиталды дамыту және мемлекеттің әлеуметтік кепілдіктерін орындау.
Осыған дейін Қазақстанда 2030 жылға дейін 1,6 миллион маман қажет болатыны туралы жаздық.