Еңбек нарығында жұмыссыздық мәселесімен күресудегі мемлекет рөлі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өмірде әрқилы жағдайлар болады. Соңғы кезде кей кәсіпорындар мен мекемелердің штаттары әуел баста дұрыс ойластырылмағандықтан немесе басқа да себептермен қайта қарастырылып, қызметкерлерді штаттан қысқарту оқиғалары жиі кездесуде. Ондайда бұрынғы жұмыс орныңнан немесе мемлекеттен көмек күтуге бола ма?
None
None

Әуелі жұмыс берушінің жауапкершілігіне тоқталайық. Заңгерлер кеңесіне құлақ түрсек, ҚР Еңбек кодексінің 157-бабына сәйкес, жұмыс беруші мынадай жағдайларда қысқарған қызметкерге көмек беруге тиіс:

1) жұмыс беруші - заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші - жеке тұлға қызметін тоқтатқан жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылғанда; 2) қызметкерлердің саны немесе штаты қысқарған жағдайда жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылғанда қызметкерге жұмысынан айрылуына байланысты айына айлық орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төлемін жүргізеді.

Еңбек шартын жасасу кезінде жұмыс беруші еңбек жағдайлары туралы дәйексіз ақпарат берген, не жұмыс беруші Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын, еңбек шартының, ұжымдық шарттың талаптарын бұзған жағдайда қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс беруші қызметкерге жұмысынан айрылуына байланысты үш айға орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төлемін жүргізеді.

Сондай-ақ Еңбек кодексінің 52-бабы 4-тармағына сәйкес: Еңбек шартында қызметкермен келісім бойынша, жұмыс берушінің қызметкерге бір жылғы орташа жалақысынан кем емес мөлшерде өтемақы төлей отырып, 52-баптың 2-тармағында белгіленген талаптарды сақтамай-ақ еңбек шартын бұзу құқығы көзделеді.

Ал енді күтпеген жерден жұмыссыз қалған азаматқа мемлекет нендей көмек көрсете алады? Жалпы, міндетті әлеуметтік сақтандырудың мынадай түрлері бар, олар - еңбек ету қабілетін жоғалтқанда, асыраушысынан айрылғанда және жұмысынан айрылғанда көрсетілетін көмек. Міне, осындағы үшінші сақтандыру түріне сәйкес, жұмыссыз азаматтың бұрынғы жұмыс берушісі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына уақтылы төлемдер аударып отырған болса, оның сол қордан қосымша жәрдем алуына мүмкіншілігі бар. Ол үшін тұрғылықты жеріңіздегі зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа барып, қажетті құжаттарды өткізсеңіз болғаны. Тек алдын ала жұмыспен қамту орталығында уақытша жұмыссыз ретінде тіркелуді ұмытпағайсыз.

Сізге төленетін көмектің сомасы қалай есептеледі? Бір мысал келтірейін. Айталық, мен соңғы 7 жыл бойы белгілі бір жауапкершілігі шектеулі серіктестікте жұмыс істедім. Соңғы 2 жыл тұрақты түрде 50-100 мың теңге аралығында еңбекақы алып жүрдім делік. Маған төленетін көмектің мөлшерін белгілеу үшін соңғы 24 айдағы табысым есептеледі. Сондай-ақ жұмыс орнымның 7 жылдан бері аударып отырған әлеуметтік жарналары да назардан тыс қалмайды. Соның бәрін есептей келе орта есеппен 19 мың теңге шығады екен. Жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап бір жыл бойы, ай сайын осындай мөлшерде өтемақы ала аламын. Бұл мысал ғана. Әлбетте, аталмыш көмектің сомасы сіздің соңғы 2 жылдағы алған жалақыңыздың көлеміне қарай ауытқуы заңды.

Тосыннан келген жұмыссыздық - жалғанның бар қызығы осымен бітті деп пессимизмге бой ұруға, өмірден біржола түңілуге себеп болмауы тиіс. Жұмыс орнынан және мемлекеттен төленетін төлемдер әрбір азаматтың келесі қызметке орналасқанша қалыптасқан өмір салтын бұзбай, ал, отбасының тарықпай тіршілік кешуі үшін үлкен демеу болмақ.

Жанат Қапалбаева

Соңғы жаңалықтар