Еңбекке жарамсыздар мен асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы өседі
АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін арттыруға арналған қаулы жобасын көпшілік талқылауына шығарды.

— 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған еңбекке қабілетін жоғалтқан және асыраушысынан айырылғандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері қолданыстағы төлемнің 10 пайызына ұлғайтылады, — деп жазылған құжатта.
Қазір бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға төленетін төлем мөлшері төмендегідей:
• бірінші топтағы — 2,20 ең төмен күнкөріс деңгейі (101 702 теңге);
• екінші топтағы — 1,83 ең төмен күнкөріс деңгейі (84 598 теңге);
• үшінші топтағы — 1,61 ең төмен күнкөріс деңгейі (74 428 теңге);
Ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін жәрдемақы мөлшері отбасының еңбекке жарамсыз бір мүшесі болған кезде — 0,92 ең төмен күнкөріс деңгейі (42 530 теңге)
• ата-анасының екеуінен де айырылған жағдайда — жетім балаларға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы жәрдемақы — 1,54 ең төмен күнкөріс деңгейі (71 192 теңге) мөлшерінде тағайындалады.
Бұған дейін 2026 жылы зейнетақы да 10 пайыз өсетінін жазған едік.