Енді тері мен жүн экспорттайтын шаруалар кедендік баж салығын төлемейді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде мал терісі мен жүнін шетелге шығаруға қойылған кедендік баж салығы жойылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлайды.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, 2025 жылғы 16 сәуірдегі сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен ауыл шаруашылығы мал терісі мен жүнін экспорттауға салынатын кедендік баж салығын алып тастау мақұлданды. Бұл жеңілдік 3 жыл мерзімге енгізіліп, кейін қайта қарау мүмкіндігі сақталады.
Шешімге келудің себебі — ішкі нарықта аталған шикізатқа айтарлықтай сұраныс жоқ. Атап айтқанда, тері мен жүнді өңдеу және экспорттау деңгейі әлі де төмен деңгейде қалып отыр.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандыру және өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін қамтамасыз ету мақсатында, өңдеуге өткізілген шикізатқа субсидия беру түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылып жатыр.
Тері мен жүнге салынатын экспорттық баж салығын алып тастау, ең алдымен, ірі және ұсақ мал өсіретін фермерлердің шығындары мен қалдықтарды жоюға жұмсалатын шығысты азайтуға, өндірістік-бөлу тізбектерін дамытуға, өткізу нарығын кеңейтуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатын өндіруші және экспорттаушы отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Қазір Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 27 ақпандағы бұйрығына сәйкес, қолданыстағы экспорттық баж салығы мөлшері мынадай:
• ірі және ұсақ мал терілері мен басқа да өңделмеген терілердің экспортына — тоннасына 200 еуро;
• жүн экспортына — 10%, бірақ тоннасына кемінде 50 еуро.
Ішкі нарық қажеттілігі мен тері-жүн экспорты арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырады және қажет болған жағдайда өңдеу саласындағы инвестициялық жобаларды ескере отырып, тиісті шараларды жедел түрде қабылдайды.
Айта кетсек, жыл басында елімізде ірі қара мал терісінің 78%-ы өңделмейтіні және ол мәселені шешу жолы жайлы жазған едік.
Одан бөлек, Қазақстанның мал терісін қай елдерге экспорттап отырғанына шолу жасадық.