Енді АҚШ-та білім аламын – халықаралық лингвистика олимпиадасының жүлдегері
- Қайырлы күн, Дарья! Алдымен жеңісіңізбен құттықтаймын! Енді сауалдың әлқиссасын өзіңіз туралы ақпараттан бастасақ.
- Мен Қостанай облысының Арқалық қаласында дүниеге келдім. 7-сыныпқа дейін сол жақта оқыдым. Кейін 2011 жылы Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келіп, республикалық физика-математика мектебіне оқуға түстім. Отбасында жалғыз баламын.
- Лингвистика ғылымына деген қызығушылыңыңыз неден басталды?
- Мен шын мәнінде лингвистика ғылымы бар екені туралы бұрын-сонды білмеген едім. Алғаш рет бұл бағыттағы олимпиадаға 8-сыныпта қатыстым. Кейін мен республикалық деңгейде жеңімпаз атандым. Осының арқасында менің лингвистикаға деген қызығушылығым артты. Себебі, онда қойылатын тапсырмалардың барлығы – логикалық. Ал, мен бала кезімнен математикаға жақынмын. Сондықтан олимпиадаларда кездесетін сұрақтардың математикалық байланысын анықтап, оларды шешудің жолын үйренуге тырыстым. Осылайша, тіл үйрену, лингвистикалық тапсырмадарды орындау өзіме ұнай бастады.
Лингвистика бойынша қойылатын олимпиада сұрақтарына жауап беру үшін, тіл меңгерудің қажеті жоқ. Мұнда ақпаратқа сараптама жасау, логикалық байланысты анықтай алу қабілеті ескеріледі. Сұрақтардың құрлымы және оның астарында жатқан ойды айқындау арқылы көне тілдердің ережелері қалай қалыптасқанын білуге болады.
Мысал үшін күні кеше өткен сайыста кездескен тапсырманың бірін айта кетейін. Онда бір отбасының суреті және ежелгі тілдерде жазылған мәтін болды. Бізге қойылған талап – отбасы мүшелерінің туыстық жақындығын анықтау. Сонымен қатар, «Өмір ағашының» суреті болды. Яғни, оған отбасы мүшелерінің кімнен тарайтынын сәйкестендіріп жазу қажет. Ал, бір-біріне туысқан болуы мүмкін адамдар туралы ақпарат бізге түсініксіз, көне тілде жазылған. Міне, біз осындай тапсырмаларды шешеміз.

- Мектеп қабырғасында бұдан да басқа зияткерлік сайыстарға қатысқан шығарсыз?
- Мен 6- сыныптан бастап «математика» пәні бойынша олимпиадаларға қатыстым. Кейін 8-сыныпта лингвистика бағытына ауысып, көбіне осы ғылымға ден қойдым. Сонымен қатар, 9, 10 және 11-ші сыныптарда «Қазақстан тарихы» пәні бойынша облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Маған еліміздің тарихын оқыған, зерттеген ұнайды.
- Дарья, өзіңіз жүлде алған халықаралық лингвистика олимпиадасына тоқталсақ. Іріктеу кезеңі және дайындық барысы қалай өтті?
- Мен бұл олимпиаданың өтетінін осыдан 4 жыл бұрын естігенмін. Сондықтан Мэн аралындағы зияткерлік сайысқа қатысамын деп шештім. Ол үшін жыл сайын республикалық олимпиадаға қатысамын. Биыл жеңімпаз атанып, іріктеуден өттім. Бізді сайысқа әуел баста Илья және Дана есімді тәлімгерлер дайындады. Кейінгі уақытта тек Дана тәлімгерлік етті. Қуанышқа орай, барлық дайындық сатысын сәтті аяқтап, бір айдан соң Мэн аралындағы халықаралық олимпиадаға аттандым.
Айта кету керек, мен бұл олимпиадаға өткен жылы да қатыстым. Ол жолы да қола медаль алған едім. Бірақ былтыр сайыс коронавирусқа байланысты онлайн форматта өтті. Ал, биыл лингвистика олимпиадасына барып қатысу мүмкінгіді бұйырды.
Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысқан оқушылардың барлығының дайындығы бірдей болды. Дегенмен менің бұл бағытта тәжірибем көп. Әли екеуміз бұл сайысқа екі жыл қатарынан қатысып келеміз. Ал, Аида мен Ахмет бірінші рет қатысып отыр. Лингвистика бойынша өтетін олимпиадаға жақсы дайындалу мүмкін емес. Себебі, қандай сұрақтар келетінін белмейсің. Өйткені, мұнда көбіне бұрын-сонды болмаған логикалық тапсырмалар қойылады.

- Жеңіске жету оңай емес екені анық. Еңбек ақталса, бағаланса – бір бақыт. Ал, енді сіздің осы жетістігіңізбен алғаш болып кімдер құттықтап үлгерді?
- Бірінші кезекте бұл жетістігіме ата-анам қатты қуанды. Жалпы, дәл осы олимпиададан Қазақстан оқушылары 5 медаль алған. Бірақ екі мәрте жүлдегер атанған тек мен ғана. Бұл әзірге еліміз бойынша рекорд.
Сондай-ақ, бізді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов құттықтады. Ол кісі құттықтау хатын біздің топтың басшысы арқылы жолдады. Көп құттықтаулар түсіп жатыр. Дегенмен көбімен сөйлесу мүмкіндігі болмай тұр. Мэн - арал болғандықтан, бұл жерде ұялы байланыс, интернет нашар.
- Қазақстандық жастар лингвистикаға ғылымына қаншалықты қызығушылық танытады?
- Мен лингвистикаға қызығушылық таныта бастаған уақытта бұл ғылымды көбі біле бермейтін. Ал, биыл лингвистика бойынша республикалық олимпиадаларға қатысатын оқушылардың саны 3 есе көбейді. Сондай-ақ, мен өз мектебімде бұл саланы оқыту, үйрету бойынша курстар аштым. Менің ойымша, алдағы бірнеше жылда біздің елде бұл сала өте жақсы дамиды. Тиісінше, кәсіби мамандар мен білімді жастар қатары артады.
- Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз.
- Мен осы жылы мектепті тәмамдадым. Енді АҚШ-та оқуды жоспарлап отырмын. Қазіргі уақытта Филадельфия қаласындағы белгілі университетке түстім. Онда «бизнес-сараптама» мамандығы бойынша білім аламын. Өйткені, ол сала мамандары сараптама жасау, логикалық шешімдер бойынша жұмыс істейді. Сондықтан бұл – өзіме өте жақын.
Университетке жартылай грант негізінде қабылдандым. Менің халықаралық олимпиадалардағы жетістіктерім ескеріліп, 70 пайыздық білім граны берілді.
Алдағы уақытта АҚШ-та оқи жүріп, линвистика бойынша халықаралық олимпиадаларды ұйымдастыруға қатысқым келеді. Әрине, бастапқы уақытта ерікті ретінде.
- Дарья, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Алдағы зияткерлік сайыстарда да үздік атануыңызға тілектеспіз!