Энергия үнемдеу саясатын жүзеге асыру жергілікті әкімдер жұмыстарының негізгі өлшемі болады - ҚР ИЖТМ
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылдан бастап жергілікті атқару органдарының жұмысы энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саясатын жүзеге асырудың сапасы бойынша бағаланатын болады,
деп хабарлады ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Жаңа технологиялар және энергия тиімділігі департаменті Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі басқармасының бастығы Әлібек Қабылбай www.primeminister.kz сайтына берген сұхбатында.
«Енді біздің жаңа ғимараттарымыз энергия тиімділігі санатына бөлінетін болғандықтан, ғимараттарды энергия пайдалану қасиеті бойынша жобалауға болады. Энергия аудитін жүргізуге қажетті ережелер мен әдістемелік нұсқаулар, энергия үнемдеу сараптамасын жүргізу тәртібі бекітіліп те қойды. Биылдан бастап біз жергілікті атқару органдарын энергия үнемдеу саясатын жүзеге асыруы бойынша бағалайтын боламыз», - деді Ә.Қабылбай.
ҚР ИЖТМ өкілінің сөзіне қарағанда, Индустриалық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі энергия үнемдеу саясатын техникалық реттеу мен жүзеге асыру бойынша энергия үнемдеу мен энергия тиімділігі саласында 170 стандарт қабылданған. Жыл соңына дейін энергия үнемдейтін жаңа технологияларды енгізуге сапалы база жасауға мүмкіндік беретін тағы да 1009 техстандарт қабылданбақшы.
Сонымен бірге, оның айтуынша Кедендік Одақ шеңберінде энергия үнемдеу жөніндегі бірнеше техникалық реттеулер әзірленуде, оның ішінде энергия жағатын тұрмыстық құрылғылардың энергия тиімділігіне маркировка жасау жөніндегі техникалық реттеулер де бар.
ИЖТМ ақпары бойынша, Қазақстанда энергия аудиті мен энергия менеджменті бойынша мамандарды екі ЖОО-да - Қазақ агротехникалық университетінде және Алматы энергетика және байланыс институтында, сондай-ақ аталған салаға кадр даярлау жөніндегі 5 өңірлік орталықта даярлайды.