ЕО-да 13 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM - Еуропалық комиссияның төрағасы интернеттегі балалардың қауіпсіздігін күшейтуге шақырып, Балалар қауіпсіздігі жөніндегі арнайы сарапшылар тобы ұсынған дәлелдер Еуропаның болашақ саясатының негізіне айналуы тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.
Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, жиналған деректер әлеуметтік желілерге қол жеткізу үшін ең төменгі жас шегін белгілеуді қолдайды. Ол әртүрлі жас топтарына кезең-кезеңімен енгізілетін тәсілді ұсынды.
Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында Еурокомиссия басшысы ең сенімді ұстаным — кішкентай балаларды экрандар мен цифрлық платформалардан толық қорғау екенін айтты. Ал 13 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді тек ересектердің бақылауымен және шектеулі уақыт ішінде пайдалануға рұқсат берілуі керек деп есептейді.
Ол қазіргі жағдай сақталса, яғни «ірі ІТ-компанияларға балаларға шектеусіз қол жеткізуге мүмкіндік берілсе», бұл келесі ұрпақтың психикалық денсаулығына кері әсер етіп, тәуелділік пен өзге де мәселелердің артуына әкелетінін ескертті.
Зерттеу деректеріне сәйкес, жасөспірімдер күніне 4–6 сағат экран алдында өткізеді. Ал кіші жастағы балалардың шамамен 60 пайызы интернеттің әсерінен эмоциялық немесе психоәлеуметтік қиындықтарға тап болған.
Урсула фон дер Ляйен жасты тексеру технологияларын кеңінен қолдануды қолдап, мәселе балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануы немесе пайдаланбауы емес, олардың бұл платформаларға қашан және қандай шарттармен қол жеткізетініне қатысты екенін айтты.
Сондай-ақ ол онлайн-платформалардың қауіпсіздігіне ең алдымен технологиялық компаниялар жауап беруі тиіс екенін атап өтті.
— Еуропада өнімді жасаған адам оның қауіпсіздігіне жауап береді. Автокөлік өндірушілері көліктерді қауіпсіз етуге міндетті. Біз балалар қауіпсіздік белдігін өздері ойлап табады деп күтпейміз және ата-аналар үйіне қауіпсіздік жастықшасын орнатады деп те күтпейміз. Ірі технологиялық компанияларға да дәл осындай талап қойылуы керек, — деді ол.
Баяндамада балаларға арналмаған функциялары бар қызметтерге ерекше назар аударылған. Олардың қатарында шексіз жаңалықтар таспасы, контенттің автоматты түрде қосылуы және мазалайтын хабарламалар сияқты мүмкіндіктер бар. Мұндай платформалар «әлеуметтік желі+» санатына жатқызылған.
Баяндама авторларының бірі, доктор Мария Мельсьор технологиялардың мүмкіндігі зор болғанымен, олардың ықтимал қауіптері де аз емес екенін айтты.
Ал Германиядағы Ульм университетінің профессоры Йорг Фегерт қолда бар ғылыми деректерге сүйене отырып, Еуроодақ аумағында 13 жасқа дейінгі балалардың «әлеуметтік желі+» платформаларына қолжетімділігіне бірыңғай жас шектеуін енгізуді ұсынды.
Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, Еурокомиссия сарапшылардың ұсынымдарын зерделеп, жаздан кейін осы мәселеге қатысты заңнамалық ұсыныстарын таныстырады.
Бұған дейін Әзербайжанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салынғаны хабарланған болатын.