ЕО Ресейдің «Мир» төлем жүйесіне қарсы жаңа санкциялар дайындап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Еуропалық комиссия «Мир» төлем жүйесіне қарсы шараларды және Ресейдің жасанды интеллект пен геодеректер технологияларына қол жеткізуін шектеуді қамтитын жаңа шектеу шараларын ұсынды, деп жазды АЗӘРТАДЖ.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен 19-шы санкциялар пакеті аясында бірқатар ресейлік және шетелдік банктермен транзакцияларға тыйым салу, сондай-ақ «Газпром нефть» пен «Роснефть» компанияларымен кез келген операцияларға толық тыйым салуды көздейтінін мәлімдеді.
ЕО-ның сыртқы істер жөніндегі өкілі Кая Каллас атап өткендей, жаңа пакет ресейлік «Мир» төлем жүйесіне қарсы санкцияларды қамтиды. Сонымен қатар, криптовалюта саласындағы шектеулер, ресейлік балама төлем жүйелерін пайдаланатын шетелдік банктерге қарсы шаралар және арнайы экономикалық аймақтарда орналасқан компаниялармен транзакцияларға тыйым салу ұсынылып отыр.
Ұлыбритания да Ресей компанияларына қарсы санкциялар енгізді. Елдің Сыртқы істер министрлігі жариялаған жаңартылған тізімде IT-саласындағы Aeza Group компаниясы мен тікұшақ қызметін көрсететін HeliCo Group компаниясы бар. Сонымен қатар, қара тізімге ресейлік мұнайды Батуми портына жеткізеді делінген екі мұнай танкері енгізілген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Еуропалық одақ Ресейге қарсы санкцияларды ұзартқанын жазған едік.