ЕО Ресейге қарсы 19-шы санкциялар пакетін талқылау үшін АҚШ-қа делегация жібереді
БРЮССЕЛЬ. KAZINFORM — Еуропалық Одақ (ЕО) Ресейге қарсы жаңа, 19-шы санкциялар пакеті бойынша жұмысты жандандырып, осы мақсатта АҚШ-қа арнайы делегация жібермек. Бұл туралы Еуропалық Кеңестің төрағасы Антониу Кошта Украина президенті Владимир Зеленскиймен Ужгородта өткен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазды Анадолы.

Украинаның батыс өңірлеріне алғаш рет сапармен келген Кошта бұл аймақ болашақта «шекаралық аймақ» емес, елдің ЕО-ға мүше болғаннан кейін оның толыққанды бөлігіне айналатынын атап өтті.
Оның айтуынша, Украинаның толыққанды ЕО мүшелігі «қауіпсіздіктің сенімді кепілі» әрі украин халқының гүлденуі мен әл-ауқаты үшін «жақсы болашақтың» негізі болады.
Еуропалық Кеңес төрағасы жазда қайта жанданған дипломатиялық бастамалар мен Аляскада өткен саммитті еске салды. Ол сондай-ақ Украина АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбіт келіссөздер бастау туралы ұсынысына келіскенін айтты.
— Біз соғыстан кейін жаңа шабуылдардың алдын алу үшін сенімді қауіпсіздік кепілдіктерін беруге толық дайынбыз, — деді Кошта.
Сондай-ақ ол алдыңғы күні Парижде өткен кездесуде ЕО-ның 26 елі мен «еріктілер коалициясының» Украинадағы атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету үшін өз күштерін орналастыруға дайын екенін растағанын айтты.
— Коалиция тек дайын емес, сонымен қатар оны іске асыруға қабілетті екенін көрсетті, — деп атап өтті Кошта.
Сонымен бірге, ол Ресейге қысымды күшейту қажеттігін атап өтіп, Брюссельде жаңа санкциялар пакеті бойынша жұмыс жалғасып жатқанын және осыған байланысты ЕО делегациясы Вашингтонға баратынын мәлімдеді.
2022 жылдың ақпанында Украинада қақтығыс басталғалы бері ЕО Ресейге қарсы 18 экономикалық санкциялар пакетін бекітті. Брюссель Мәскеудің бейбіт бастамаларға шынайы қарамайтынын алға тартып, дипломатиялық процесті қолдай отырып, сонымен қатар 19-шы шектеу шаралары пакетін әзірлеп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ Ресейге қарсы санкциялардың бір бөлігін 20 тамызға дейін уақытша тоқтатқанын жазған едік.