ЕО Үндістан мен Пәкістанды сабыр сақтауға шақырды
Еуропалық одақ Кашмирдегі террористік шабуылды айыптап, Үндістан мен Пәкістанды сабырлық пен диалогқа шақырды, деп хабарлайды Анадолы.

Еуропалық одақ (ЕО) Кашмирде 26 адамның өмірін қиған террористік шабуылды айыптап, Үндістан мен Пәкістанды сабыр сақтап, диалог орнатуға үндеді. Бұл туралы Еуропалық сыртқы әрекет қызметі таратқан мәлімдемеде айтылды.
— ЕО және оның мүше мемлекеттері 22 сәуірде Кашмирде жасалған террористік шабуылды және жазықсыз бейбіт тұрғындардың қаза табуын қатаң айыптайды, — делінген құжатта.
Брюссель кінәлілерді жауапкершілікке тартуға шақырды.
Мәлімдемеде Еуроодақ өңірдегі шиеленістің күшеюі мен құрбандар санының артуына алаңдаушылық білдіретіні атап өтілген.
— ЕО екі тарапты сабырлық танытуға, шиеленісті төмендетуге және бейбіт тұрғындардың өмірін сақтау үшін күш қолданудан бас тартуға шақырады, — деді ЕО.
Сондай-ақ құжатта Үндістан мен Пәкістанға халықаралық құқықты сақтау және бейбіт тұрғындарды қорғау үшін барлық мүмкін шараны қабылдау қажеттігі айтылған. ЕО қақтығысты бәсеңдету мақсатында барлық тараппен ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Үндістанның Пәкістан аумағына жасаған соққысы
6 мамырда Үндістан 22 сәуірде Пахалгам аймағында болған терактке жауап ретінде Пәкістан мен оның бақылауындағы Азад Кашмир аумағына зымыран соққыларын жасады. Сол шабуылда 26 адам қаза тапты.
Үндістан тарапының мәліметінше, Нью-Дели «террористік инфрақұрылым» деп атаған тоғыз нысана жойылған. Ал Пәкістан билігі бұл шабуылдардан алты бейбіт нысан зардап шеккенін және 26 адамның құрбан болғанын мәлімдеді.
Пәкістан армиясы бес үнді әскери ұшағын атып түсіргенін хабарлады, бірақ Нью-Дели бұл ақпаратты растаған жоқ.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди бұл операцияны «мақтаныш сәті» деп атап, үкімет ішінде оған «Синдур операциясы» деген атау берілгенін айтты. Индуизм мәдениетінде «синдур» — тұрмыстағы әйелдер маңдайына жағатын қызыл ұнтақ.
Қоса кетсек, бұған дейін СІМ Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты мәлімдеме жасаған еді.