СІМ Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты мәлімдеме жасады.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты терең алаңдаушылық білдіреді.
— Барлық мүдделі тарапты одан әрі шиеленіске жол бермеу үшін барынша ұстамдылық көрсетуге шақырамыз. Қазақстан халықаралық және өңірлік қақтығыстарды халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысының қағидаттарына сәйкес тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайды, — делінген СІМ мәлімдемесінде.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Үндістан мен Пәкістан аумағындағы Қазақстан азаматтарын қауіпсіз жерге көшіруге қатысты түсінік берген еді.
Айта кетелік Үндістанның Пәкістанға жасаған әуе шабуылынан қаза тапқандар саны 31 адамға жеткен еді.