ЕО ұялы байланыс желілерінде Huawei және ZTE құрылғыларына тыйым салады
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Одақ қытайлық Huawei және ZTE компанияларының құрылғыларын ЕО елдерінің ұялы байланыс желілерінен толығымен алып тастауға дайындалып жатыр, деп хабарлайды BILD.
Еурокомиссия қауіпті деп саналатын шетелде жасалған жабдықты пайдалануға заңды түрде тыйым салуға мүмкіндік беретін құқықтық базаны әзірлеуге ниетті екенін мәлімдеді.
Брюссель бұл шаралардың негізгі себептері жеке жеткізушілер тарапынан ықтимал тыңшылық пен диверсияға қатысты алаңдаушылық екенін атап өтеді. «Тәуекел деңгейі жоғары» санаттағы компаниялар арнайы тізімге орналастырылады. Олардың жабдықтарын телекоммуникация желілерінде пайдалануға тыйым салынады, ал қазір қолданыстағы құрылғыларды бөлшектеу және балама шешімдермен ауыстыру талап етіледі.
Болашақта Еуропалық Одақ тәуекелдерді бағалаудың ұқсас механизмін тек 5G желілеріне ғана емес, сонымен қатар басқа да маңызды секторларға, соның ішінде энергетика, көлік инфрақұрылымы және денсаулық сақтау нысандарына таратуды жоспарлап отыр. Қауіпсіздік туралы пікірталастар жалғасып жатқанына қарамастан, Huawei және ZTE құрылғылары Германияда және ЕО-ның бірнеше басқа елдерінде кеңінен қолданылады. Негізгі алаңдаушылық Қытай билігінің осы компаниялардың қызметіне ықтимал ықпалына бағытталған.
Еурокомиссия көптеген елдер бұрын қытайлық жеткізушілерден бас тарту жөніндегі ұсыныстарды елемегенін мойындайды. Алайда жаңа құқықтық жүйе мұндай талаптарды Одақтың барлық мүшелері үшін міндетті етуге тиіс.
Осыған дейін елімізде республикалық және облыстық маңызы бар жолдар мобильді байланыспен қамтылатыны туралы жаздық.
Сондай-ақ Транскаспийлік талшықты-оптикалық байланыс желісі қашан іске қосылатыны туралы жазған болатынбыз.