ЕО және ҚР арасындағы жаңа келісім Еуроодақтың Қазақстанға деген қызығушылығының артуын көрсетеді - Е. Ыдырысов
БРЮССЕЛЬ. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - ЕО және ҚР арасында жасалған серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі жаңа келісім Еуроодақтың Қазақстанға деген қызығушылығының арта түскенін көрсетеді.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы ЕО және ҚР арасында жаңа келісімді жасасу мерзімдері жөнінде қазақстандық журналистердің сұрақтарына жауап беруде атап өткендей, «Еуроодақ өте күрделі құрылым, оған 27 мемлекет кіреді. Бұл құрылым өзара келісім және теңдік дәрежесінде жұмыс істеген соң, бұл одақтың әр мемлекеті бұл келісімге саяси мақұлдау берулері тиіс».
Осыған байланысты келісім жасасу үрдісінің жуық арада қабылданатынын күтпеу керек, себебі әр тарап өзінің қызығушылықтарын көрсететін болады.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта ҚР және ЕО арасында 1999 жылдан серіктестік және ынтымақтастық жөнінде келісім бар, оның базалық принциптері жұмыс істей береді. «Қазір серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді кеңейту жөнінде әңгіме жүруде. Бұл Қазақстанның өңірлік держава ретінде өсуін, ЕО-ның Қазақстанға деген стратегиялық қызығушылығының артуын көрсетеді. Жаңа келісімнің мазмұны жоғары деңгейде болады», - деді ҚР СІМ басшысы Е. Ыдырысов.