ЕО жасанды интеллекті дамыту үшін 388 млн еуроға суперкомпьютерге тапсырыс берді

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық одақ жасанды интеллектіні дамытуға арналған жаңа жоғары өнімді суперкомпьютерді француздың мемлекеттік Bull AI компаниясына тапсырыс берді. Келісімшарттың құны 387,8 млн еуро болады, деп хабарлайды Kazinform DW-ға сілтеме жасап.

ЕО жасанды интеллекті дамыту үшін 388 млн еуроға суперкомпьютерге тапсырыс берді
Фото: freepik.com

Тапсырысты суперкомпьютерлік технологияларды дамытуға жауапты еуропалық EuroHPC агенттігі орналастырған. Жаңа есептеу кешенін Финляндияда қазір жұмыс істеп тұрған деректер орталығына орнату жоспарланып отыр.

Суперкомпьютерді 2027 жылдың екінші жартысында іске қосу көзделген. Ол жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулерге арналған еуропалық инфрақұрылымның бір бөлігіне айналады.

Bull AI компаниясы бірнеше ай бұрын IT-концерн Atos-тың стратегиялық маңызы бар активтері негізінде құрылған. Бұл активтер компания қаржылық қиындықтарға тап болғаннан кейін Франция мемлекетінің бақылауына өткен.

Қазір EuroHPC қарамағында жасанды интеллектке арналған 19 деректер орталығы және шамамен 10 суперкомпьютер бар. Еуропалық желіге Германияның Юлих қаласындағы зерттеу орталығында орнатылған Jupiter суперкомпьютері де кіреді.

EuroHPC инфрақұрылым жөніндегі директоры Евангелос Флоростың айтуынша, алдағы жылдары желі одан әрі кеңейе береді. Қазірдің өзінде жасанды интеллектке қажетті есептеу қуатына сұраныс қолжетімді ресурстардан асып түсіп отыр.

EuroHPC қаржыландыратын суперкомпьютерлер, соның ішінде, еуропалық жасанды интеллект модельдерін оқыту және дамыту үшін пайдаланылады.