Эпидемиологтер Жаңа жыл қарсаңында сақтық шаралары туралы ескертті

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР ДСМ Санитарлық-эпдемиологиялық бақылау комитетінің хабарлауынша, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, дәстүрлі түрде көпшілік іс-шаралармен, отбасылық дастарқандармен, таза ауадағы белсенді демалыспен және пиротехникалық бұйымдарды қолданумен қатар жүретін бұл кезеңде денсаулық пен қауіпсіздікті сақтау аса маңызды.

Сырғанақтар, мұз айдындары және жаңа жыл шыршалары
Фото: Астана әкімдігі

- Дәл осы күндері тағамнан улану, пиротехникалық бұйымдарды қолдану кезінде жарақат алу, сондай-ақ үсік шалу мен суық тию жағдайларының саны артады. Мерекелік күндер тыныш әрі төтенше жағдайларсыз өтуі үшін алдын алу шараларын сақтау қажеттігін еске саламыз,-деліген хабарлама.

Тағамнан уланудың алдын алу

Азық-түлік өнімдерін тек сенімді сауда орындарынан сатып алыңыз.

Әрдайым жарамдылық мерзімін, қаптаманың бүтіндігін және сақтау шарттарын тексеріңіз.

Таңбаланбаған немесе күмән тудыратын өнімдерді тұтынбаңыз.

Тағам дайындау кезінде жеке гигиена ережелерін сақтаңыз.

Дайын тағамдарды тоңазытқышта сақтап, оларды бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдырмаңыз.

Балаларға арналған тәтті сыйлықтардың сапасына ерекше көңіл бөліңіз.

Пиротехниканы қауіпсіз пайдалану

Пиротехникалық бұйымдарды тек мамандандырылған дүкендерден сатып алыңыз.

Нұсқаулықтың, сапа сертификатының және жарамдылық мерзімінің бар екеніне көз жеткізіңіз.

Зақымдалған немесе жинақтамасы толық емес бұйымдарды қолданбаңыз.

Фейерверктерді тек ашық алаңдарда, қауіпсіз арақашықтықты сақтай отырып және нұсқаулық талаптарына сәйкес іске қосыңыз. Жандырылып жатқан бұйымның үстіне еңкеймеңіз және іске қосылмаған пиротехниканы қайта жағуға әрекет жасамаңыз.

Балаларға фейерверктерді өз бетінше қолдануға қатаң тыйым салынады.

Үсік шалу мен суық тиюдің алдын алу

Ауа райы жағдайын ескере отырып, жылы киініңіз.

Балалардың бас киім, қолғап (немесе биялай), шарф және жылы аяқ киім кигеніне көз жеткізіңіз.

Суықта ұзақ жүрмей, жылыну үшін үзілістер жасаңыз.

Киім мен аяқ киімнің құрғақ болуын қадағалаңыз.

Үсіктің алғашқы белгілеріне назар аударыңыз: терінің бозаруы, шаншу, ұю сезімі.

- Қарапайым ережелерді сақтау сізге Жаңа жыл мерекелерін қауіпсіз, жайлы әрі жақындарыңыздың денсаулығына қамқорлықпен өткізуге көмектеседі. Сіздерге зор денсаулық, амандық және бақытты Жаңа жыл тілейміз! Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз!, - делінген комитет таратқан хабарламада.

Осыған дейін Жаңа жыл қарсаңында полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқаны туралы жаздық. 

Сондай-ақ Жаңа жыл түнінде Қазақстан қалаларында ауа райы қандай болатынын хабарладық. 

Соңғы жаңалықтар