13:41, 27 Наурыз 2013 | GMT +5
«Ер Төстік пен Айдаһар» толықметражды тұңғыш отандық мультфильмі бір аптада 31,3 млн. теңге жинады
АЛМАТЫ. 27 наурыз. ҚазАқпарат - 21 наурыздан бастап Қазақстан кинотеатрларынан көрсетіле бастаған толықметражды «Ер Төстік пен Айдаһар» анимациялық фильмі көрермен көңілінен шығуда.

Туындыны жарыққа шығарған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қысқа мерзім ішінде оның кассалық жиыны 31,3 млн. теңгені құрады.
Ұзақтығы 67 минут болатын бұл фильм 3 жылдан астам уақыт бойы әзірленді. Оның сценарийін Жәкен Дәненов, Рустам Тұралиев пен Михаил Алдашин жазды, режиссерлары - Ж. Дәненов пен Р. Тұралиев. Басты кейіпкерлерді дыбыстауға Кәдірбек Демесінов (Ерназар), Дулыға Ақмолда (Ер Төстік), Лидия Кәденова (мыстан), Күнсұлу Шаяхметова (Бекторы) сынды әйгілі өнер шеберлері шақырылды.
Жалпыұлттық прокат үшін фильмнің қазақ және орыс тілдеріндегі 40 көшірмесі жасалды.