Ердоған: Түркия Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерді ұйымдастыруға дайын
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Анадолы.

Бұл туралы Түркия Президенті әкімшілігі жанындағы Коммуникациялар басқармасы хабарлады.
Кездесу барысында түрік-ресей қарым-қатынасының жай-күйі, сондай-ақ аймақтық және халықаралық мәселелер талқыланды.
Түркия басшысы Ресей президентінің Ыстамбұлда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерді қайта бастау бастамасын құптады.
Ердоған Анкараның Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тұрақты шешуге бағытталған келіссөздерді ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.
Президент Ердоған бейбітшілікке қол жеткізу үшін мүмкіндіктер терезесі ашылғанын атап өтті. Оның айтуынша, жан-жақты бітімгерлік бейбіт келіссөздерге қажетті жағдай жасайды.
Кремль баспасөз қызметінің мәліметінше, әңгіме барысында Ресей президентінің 15 мамырдан бастап Ыстамбұлда тікелей Ресей-Украина келіссөздерін қайта бастау жөніндегі бастамасы егжей-тегжейлі талқыланған.
— Режеп Тайып Ердоған бұл бастаманы толық қолдап, Стамбұлды келіссөз алаңы ретінде ұсынуға дайын екенін жеткізді. Түрік тарапы тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған келіссөздерді ұйымдастыру мен өткізуге барынша қолдау көрсететін болады, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Ресей президенті Мәскеуде өткен Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шаралар мен осы күндері өткен жоғары деңгейдегі халықаралық кездесулер туралы өз әсерімен бөлісті.
Мемлекет басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, соның ішінде энергетика саласындағы стратегиялық бірлескен жобаларды дамытуға өзара мүдделілік білдірді.