Эрдоғанға қастандық жасау мүмкіндігіне байлнанысты іс бойынша соңғы күдікті Түркияда ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның арнайы қызметтері 2016 жылғы мемлекеттік төңкеріс әрекеті кезінде президент Режеп Тайип Ердоғанға қастандық жасауға дайындалды деген іс бойынша іздеуде жүрген соңғы күдіктіні ұстады, деп хабарлайды БелТА.
Түркия Ішкі істер министрлігінің Х әлеуметтік желісіндегі мәліметке сәйкес, ұсталған Буркай Каратепе ФЕТО ұйымының Мармарис қаласында президентке қастандық жасауға дайындалған тобының мүшесі болған. Ол он жыл бойы іздеуде болып, Афьонкарахисар қаласында қолға түсті.
TRT Haber телеарнасының хабарлауынша, бұған дейін Ердоғанға қастандық жасауға дайындалды деген күдікпен бұрынғы 36 әскери қызметкер ұсталған. Соңғы ұсталған күдікті тікұшақ ұшқышы болған.
Бұған дейін Turkiye газеті Түркия билігінің нұсқасына сүйене отырып, ФЕТО ұйымы (Түркияда террористік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған) Ердоғанға шетелдік әуе компаниясының ұшағымен ұшу кезінде де қастандық жасауды жоспарлағанын жазған. Алайда президент Мармаристегі қонақүйден алдын ала кетіп қалғандықтан, бұл жоспар жүзеге аспаған.
Еске салайық, 2016 жылғы 15 шілдеде Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті кезінде ресми дерек бойынша 253 адам қаза тауып, 2,2 мыңнан астамы жараланған. Төңкеріс әрекеті басылғаннан кейін мемлекеттік құрылымдарда ауқымды кадрлық тазарту жүргізіліп, 100 мыңнан астам адам қызметінен босатылды. Көтеріліске қатысқандардың көпшілігі өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Осыған дейін Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған бір топ адам қолға түскені туралы жаздық.