Қырғызстанда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған бір топ адам қолға түсті

Мәлімдемеде айтылғандай, бір топ адам қолдан жасалған бейнематериалдарды пайдаланып, ұлтаралық алауыздық пен әлеуметтік наразылық толқынын тудыруды көздеген.
Атап айтқанда, арандатушы видео тарату жоспарланған, онда шетелдіктер жартылай жалаңаш қырғыз қызын ұрып жатқан көрініс берілуі тиіс болған.
ҰҚМК-нің мәлімдеуінше, мұндай жалған ақпарат таратудың мақсаты — «патриоттық сезімді қоздыру» және «жастарды жаппай наразылық акцияларына жұмылдыру» болған.
— Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, конституциялық құрылымды және азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында ҰҚМК ұлттық араздықты қоздыру әрекеттерін, яғни жергілікті жанжал шғарып, оның арты жаппай наразылыққа ұласуына жол бермеу шараларын қолға алды, — делінген ведомство хабарламасында.
Мекеменің мәліметінше, бұл арандатулардың артында алдын ала жоспарланған сценариймен әрекет еткен топ тұрған.
Жалған ақпарат таратып қана қоймай, арнайы дайындықтан өткен, қарумен жабдықталған топтарды қатарға қосу жоспарланған.
Ұйымның басты мақсаты — шетел азаматтары тұрып жатқан және жұмыс істейтін аудандарда қақтығыстарды арандату, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдеріне шабуыл жасау болған.
Қырғызстандық БАҚ-тың хабарлауынша, бұл тәртіпсіздіктердің моделі 2024 жылдың мамырында Бішкекте болған оқиғаларға ұқсас, сол кезде Оңтүстік-Шығыс Азиядан шыққан азаматтар жаппай төбелестен зардап шегіп, тоналған еді.
— Барлық әрекеттер мемлекеттік органдарды қаралау және елдің қазіргі басшылығына деген сенімді әлсіретуге бағытталған. Сырттан үйлестіріліп, қаржыландырылатын ауқымды наразылықтар үшін жағдай жасау жоспарланған, — деп атап өтті ведомство.
Оперативтік іс-шаралар топтың әрекетін дер кезінде анықтап, оның жолын кесуге мүмкіндік берді.
Арнайы қызметтің мәліметінше, Қырғызстан аумағында әрекет еткен қатысушылар ұсталды. Алайда ұйымдастырушылардың бірі, алдын ала болжам бойынша, Біріккен Араб Әмірліктерінде (БАӘ) болуы мүмкін.
— ҰҚМК елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекеттерге қатаң тосқауыл қойып отырады және азаматтарды ұлтаралық татулық пен конституциялық тәртіпті бұзуға бағытталған арандатуларға ермеуге шақырады, — делінген мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қырғызстанда рақымшылық қолданылмайтын қылмыстар тізімі кеңейтілгенін жазған болатынбыз.