Ерекше балаларды қолдау туралы заң жобасы әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде инклюзивті білім беру және психологиялық-педагогикалық қолдау 90 пайызға артты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлайды.

– Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған кабинеттердің саны 2 есе көбейді, ал арнайы білім беру ұйымдарының желісі 230-ға жетті. Қазір арнайы білім беру ұйымдарының жалпы саны – 508, мектептер жанынан 121 қолдау кабинеті ашылды. «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. 2025 жылдың қазан айында Қазақстанда алғаш рет инклюзивті білім бойынша дүниежүзілік конгресс өтеді, - делінген хабарламада.
Былтыр елімізде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдаудың бірыңғай стандарты дайындалды.
– Аталған стандарт білім берудің барлық деңгейінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды сүйемелдеудің жүйелі тәсілін бекітеді. Сонымен қатар, «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы отбасы мен балаға көмек көрсету үшін ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін қарастырады. Ал тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларды физикалық тұрғыда сүйемелдеу үшін жеке көмекші лауазымы енгізілді. Сондай-ақ психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, түзету кабинеті, оңалту орталықтары және аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларды қолдау орталықтарына арналған жеке үлгілік штат бекітілді, - дейді ведомстводан.
Сондай-ақ аутизмі бар балаларда назардан тыс қалмаған.
– Аутизмі бар балаларды қолдау орталықтары оңалту және әлеуметтік бейімдеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдар тізбесіне енгізілді. Сонымен бірге мектепке дейінгі білім берудің үлгілік оқу жоспарына мұндай балаларға арналған түзету компоненті қосылды. Мүгедектігі бар азаматтарға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау квотасы 1%-дан 10%-ға дейін артты, - деп хабарлайды министрлік.
Айта кетейік, өткен жылы елімізде инклюзия саласында сарапшылар дайындайтын орталық ашылды.
Еске сала кетсек, елімізде биыл күзде алғаш рет инклюзия бойынша алғашқы бүкіләлемдік конгресс өтеді.