Ереванда Қазақ тілі орталығының ресми ашылуы салтанатты шарасы болып өтті

Салтанатты шараға ҚР елшісі Айымдос Бозжігітов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Бақытжан Әбдірайым, Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Шәкірашрап Ыбыраев, ЕМУ Ғылыми кеңесінің мүшелері, Ұлттық жиналыстың депутаттары, Армения министрліктері мен ведомстволарының, дипломатиялық корпус пен БАҚ өкілдері қатысты.
Дәстүрлі лента қию шарасынан кейін ЕМУ ректоры Арам Симонян жиналғандарды осы атаулы оқиғамен шын жүректен құттықтай келе, Арменияда түркітілдес мемлекеттің орталығының тұңғыш рет ашылып отырғанын атап өтті. Ол ЕМУ түркітану кафедрасында қазақ тілі курсын екінші оқыту тілі ретінде қолдануға ниет білдірді.
А.Бозжігітов Қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығының ашылуы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Арменияға жасаған сапарымен тұспа-тұс келіп, сол арқылы екі мемлекет басшыларының келіссөздеріне қажетті жақсы жағдай жасайтындығын атап өтті.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры мен Көкшетау университеті ректорларының құттықтау сөздерінде Қазақстан мен Армения халқының арасында ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи және басқа байланыстардың қазіргі жағдайына назар аударылды. Олардың пікірлерінше, «мұндай тарихи жадынама қазақстан-армения достық қатынастарының дамуын әрдайым прагматикалық арнаға қарай бағыттайтын болады».
Армения Ұлттық ғылым академиясы Әдебиет институтының директоры, белгілі армян ақыны Аветик Исаакянның немересі Авик Исаакян барлық құттықтауларға қосыла отырып, өз тарапынан Мұхтар Әуезовпен оның атасының достығы туралы айтып, Арменияда қазақ әдебиеті классиктерінің он томдығын армян тілінде, армян мәдениетін Қазақстанда жарыққа шығаруды ұсынды.
Іс-шара аясында Ереван мемлекеттік университеті жанындағы Қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті орталығы қызметінің одан әрі даму перспективалары талқыланды.