Ереванда қазақстандық «KADEX» көрмесі талқыланды

Қазақстандық делегацияға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Оқас Сапаров жетекшілік етті.
Бұл туралы ҚР Қоғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Комиссия жұмысына Армения Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Артур Багдасарян, ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Николай Бордюжа, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мен Тәжікстан ӘЭЫМК ұлттық бөлімдерінің басшылары қатысты.
Комиссия ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері жөніндегі келісімді одан әрі жетілдіру мәселелерін қарастырды.
Комиссия отырысының қарсаңында ӘЭЫМК Төрағасының жанындағы ұлттық бөлімдерінің жұмыс тобы сарапшыларының ӘЭЫМК жанындағы Іскерлер кеңесінің кеңесі өткізілді. Өткізілген жиналыстың басты тақырыбы 2014 жылы Қазақстанда өтетін халықаралық қару-жарақ, әскери-техникалық мүлік «KADEX-2014» көрмесі болды. Бұл Астана қаласында осымен үшінші рет өткізілетін қазақстандық көрме. Алғаш рет ол 2010 жылы жалауын көтерді. «KADEX» көрмесі көрермендер тарапынан, қатысушылар мен қонақтар жағынан құпталды.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты Ұйымына мүше-мемлекеттер әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Мемлекетаралық комиссиясының 10-шы мерейтойлық отырысы өткен жылы Астана қаласында ұйымдастырылғандығын атап өткен жөн.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты Ұйымына мүше-мемлекеттер әскери-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Мемлекетаралық комиссиясының биылғы отырысы сыйластық пен сындарлы жағдайда өтіп, келесі отырыста талқыланатын мәселелердің барлығы түгелдей қарастырылды.