Еркін қоймалар режимінде инвестициялық келісімшарттардың тиімділігі арта түседі - А. Рау

Еске сала кетейік, комитет отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне индустриялық-инновациялық саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Аталған құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 55, 56, 57,59, 63 және 86-қадамдарын іске асыруға бағытталған. Бұл ретте заң жобасының басты мақсаты аса қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін инвестициялар саласындағы, Қазақстандағы туризм индустриясын одан әрі жүйелі түрде дамыту үшін туристік саладағы, ғылымды қажет ететін экономиканы қалыптастыру мақсатында инновациялық кластер саласындағы заңнамаларды одан әрі жетілдіру көзделеді.
«Елбасы трансұлттық компаниялар тарту мәселесін де жүктеген болатын. Бұл ретте бірқатар мәселелер баршылық. Мәселен, бірінші кезекте қолайлы салық режимін қалыптастыру. Осыған байланысты, әсіресе ДСҰ кіру барысында елімізде еркін қоймалар режимінің сақталуы маңызды рөл атқармақ. Бұл ретте ДСҰ-ға ену барысында 2017 дейін елімізде өтпелі кезең сақталатынын еске салғым келеді. Соған байланысты біз ДСҰ аясында рұқсат етілген норманы таптық. Ендігі мақсат сол норманы инвестициялық келісімшарттарға енгізу. Біздің ойымызша, ондай қадам тиімді болуы керек, өйткені, қазіргі уақытта кедендік қоймалар иелері үнемдеуде пайда тапқанымен, олардың бәрі сол үнемдеу мәселесін экономиканың дамуына инвестициялап отырған жоқ», - дейді Альберт Рау. Оның айтуынша, еркін қоймалар режимі арқылы еліміздегі инвестициялық келісімшарттардың тиімділігін арттыруға болады.