Еркін сауда аймағын құру туралы келісім ТМД елдері арасында сауданың дамуын ынталандыруға көмектеседі - К.Мәсімов
САНКТ-ПЕТЕРБОР. 19 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - Еркін сауда аймағын құру туралы келісім ТМД елдері арасындағы сауданың дамуын ынталандыруға көмектеседі.
Бұл туралы ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті.
«Бүгін мемлекет басшылары берген тапсырмаға сәйкес, мақсатты және еркін шешім қабылданды, біз осы маңызды құжаттың қол қойылуына жол таптық», - деді К.Мәсімов.
Еркін сауда аймағын құру туралы келісім ТМД елдері арасындағы сауданың дамуын ынталандыруға, сондай-ақ ТМД-ға мүше барлық елдерге инвестиция тартуға көмектеседі, -деді К.Мәсімов.
ҚР Үкімет басшысының ойынша, осы құжаттың қол қойылуы ТМД дамуының жаңа бағыттарына жол ашады.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін ТМД Үкімет басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға, соның ішінде Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойылды.