Еркін күрестен әлем чемпионатына баратын қазақстандық балуандар анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - Хорватия астанасы Загреб қаласында 13-21 қыркүйек аралығында өтетін күрес түрлерінен ересектер арасындағы әлем чемпионатына баратын Қазақстан құрамасы белгілі болды.

Бас бапкер Мадияр Құрамысов бастаған бапкерлер төмендегі балуандарға сенім артты. Олардың қатарында Әділет Әлмұхамедов (57 келі), Асылжан Есенгелді (61 келі), Начын Куулар (65 келі), Нұрқожа Қайпанов (70 келі), Әлібек Әбілқасым (74 келі), Болат Сақаев (79 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі), Камил Куруглиев (92 келі), Ризабек Айтмұхан (97 келі), Әлішер Ерғали (125 келі) бар.
Еркін күрес шеберлері бүгінде Грузияда алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Дайындықтың екінші кезеңі елімізде өтеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Грекия астанасы Афины қаласында өтіп жатқан еркін күрестен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Бекасыл Асамбек (60 келі) қола жүлдені қоржынға салды.
Қазақстандық балуан үшінші орын үшін белдесуде ирандық Ариан Мехрализадемен шеберлік байқасты. Нәтижесінде белдесу 9:0 есебімен қазақстандық спортшының пайдасына аяқталды.