Ерлан Ақкенженов: Биыл газ өндіру көлемі 64,5 млрд текше метрге жетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері елімізде 31,4 млрд текше метр газ өндірілген. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, биыл газ өндіру көлемі 64,5 млрд текше метрге жетеді болады деп жоспарланып отыр.
– Газ саласындағы басым міндеттердің бірі – жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Жыл соңына дейін «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі бойынша желілік бөліктің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жобаны іске асыру болашақта газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және өңірлерді тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, алты айдың қорытындысы бойынша тауарлық газ өндіру көлемі 12,2 млрд текше метрге жетті. Сонымен қатар министр көмір өндірісіне де тоқталды.
– Қаңтар-маусым айларында көмір өндіру көлемі 58,9 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштің 112,4 пайызын көрсетті. Жылдық болжам – 128,9 млн тонна, – деді ол.
Жалпы, төрт айда көмір экспортының көлемі 10,1 млн тонна болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,1 пайыз. Ал жылдық экспорт болжамы – 33,2 млн тонна.
Айта кетейік, елімізде газ саласын цифрландыру аясында тұтынушыларға арналған жаңа онлайн сервистер енгізіліп, газ тарату желілерінің 91%-ы цифрлық форматқа көшірілді.