Ерлан Қарин есірткі таратушылардың жазасын жеңілдетуге қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Jibek Joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында есірткі жасаушы және оны таратушылардың (закладчиктер) жазасын жеңілдетуге қатысты пікір білдірді.

есірткі
Фото: БҚО полиция департаменті

— Иә, бұл заң жобасы бірқатар пікірталас туғызды, бүгінде Парламенттің, Мәжілістің жалпы отырыстарын қарап отырмын, қызу талқыланды. Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен соңғы отырысында құқық қорғаушы Айман Омарова Мемлекет басшысының алдында осындай мәселе көтерді. «Жасөспірімдер, жастар есірткі қылмысы бойынша жауапқа көп тартылып (закладчиктер) олардың тағдыры бұзылып жатыр. Сол бойынша салмақты шешім қабылдау керек» деді. Сол жерде Мемлекет басшысы дұрыс деп қолдап, екі тапсырма берді. Бір жағынан есірткі өндірушілерге қарсы жауапкершілікті күшейту, қатаңдату. Бірақ, «закладчиктерге» қатысты жан-жақты қарап, қосымша талқылау жасап, өзгерістердің мүмкіндігін қарастыру керектігін айтты, — деді Ерлан Қарин сұхбат барысында.

Оның айтуынша, есірткі жазасына қатысты Президент әкімшілігі мен Үкіметте бірнеше жиын өтті. 

— Менің деңгейімде де жиындар болды, құқық қорғау органдарының басшыларын бір бөлек, сарапшыларды бөлек жинадық. Әрине, олардың пікірлері бір жерден шықпады. Құқық қорғау органдарының басшыларын да түсінуге болады. Олардың қылмыспен күресу негізгі мақсаты болғаннан кейін, уәждері бар. «Жаза жеңілдеді екен деп жастарды арандатып, одан бетер көп азамат алдау-арбауға түсіп қалмай ма?» дейді, олардың да келтіріп отырған дәйектері дұрыс. Екінші жағынан мамандардың, сарапшылардың, құқық қорғаушылардың да айтып отырған уәждері дұрыс. Жастар алданып жатыр, жаза ауыр 7 жылдан 10 жылға дейін, — дейді ол.

Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші заңның жан-жақты талқылаудан кейін компромисті шешімнің негізінде қабылданғанын айтты. 

— Жаза сәл азайтылды, яғни бұрын төменгі шегі 7 жыл болса, қазір 5 жыл. Бұл норма осы қылмысты бірінші рет жасаған адамдарға қолданылатын болады, яғни 5 жылдан 10 жылға дейінгі жаза. Егер де тағы да осы қылмыспен қолға түсіп жатса, 7 жылдан 12 жылға дейін жаза қолданылады, яғни қылмыс қайталанған сайын жауапкершілік одан бетер қатаңдайды. Меніңше, бұл — өте дұрыс қабылданған шешім болды. Есірткі өндірушілерге жаза өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін күшейтілді. Бұл жерде қалың аудиторияға дұрыстап түсіндіру керек, — деп толықтырды Е. Қарин.

Еске сала кетейік, елімізде есірткі қылмысына қатысты жаза өзгерді, жаңашылдық биыл наурызда күшіне енеді. 

Соңғы жаңалықтар