Ерлан Қарин Қазақстанға жаңа Конституция не үшін қажет екенін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда талқыланып жатқан Конституция мәтіні болашағына зор сеніммен қарайтын, өзіндік амбициясы бар Қазақстаның Конституциясы болуы керек. Бұл пікірді Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин айтты.

Ерлан Қарин
Фото: Ақорда

Өз сөзінде Е. Қарин сарапшылар мен заңгерлер біраз уақыттан бері ескірген терминологиялық аппаратқа қатысты мәселені көтеріп жүргенін айтты. Себебі қолданыстағы Конституция 1995 жылы кеңестік дәуірден енді шыққан кездегі жағдайда, сол дәуірдің терминологиялық аппаратымен, сол кездегі лексикамен, сол уақыттың риторикасымен жазылды.

− Айталық, кезінде қолданылған мемлекеттік қауіпсіздік, телеграф, тектік, топтық араздық және басқа терминдер − бүгінде ашық анахронизм. Себебі Қазақстан бүгін мүлдем басқа жағдайда өмір сүріп жатыр. Қазіргі қолданыстағы Конституция кеңестік кезеңнен енді ғана босап, Тәуелсіздігімізді енді ғана алып, егемендігімізді енді ғана қалыптастырып, шет мемлекеттермен енді ғана қарым-қатынас орнатып жатқан елең-алаң шақта қабылданды, − деді Мемлекеттік кеңесші Конституциялық комиссияның бесінші отырысында.

Бұл ретте ешкім де қолданыстағы Конституцияның мемлекеттілікті қалыптастырудағы, тарихи дамуымыздағы маңызды рөлін, тигізген оң әсері мен ықпалын жоққа шығарып отырмағаны айрықша айтылды.

− Керісінше қазіргі Конституция осы уақыт аралығында еліміздің дамуына үлкен серпін берді, осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерге негіз болды. Мұны ертең ешкім бұрмаламауы үшін әдейі айтып отырмын. Дегенмен біз талқылап отырған жаңа Конституцияның мәні, мәтіні мемлекеттілігі әбден орныққан, халықаралық кеңістікте беделі қалыптасқан, адами капиталға, білім мен ғылымға, инновацияға басымдық беретін, болашағына зор сеніммен қарайтын, өзіндік амбициясы бар Қазақстан Конституциясы болуы керек деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда бұл болашаққа бет бұрған, ауқымды жоспары бар елдің Конституциясы болуы керек деп ойлаймын, − деп түйіндеді Ерлан Қарин.

Осыған дейін Ерлан Қарин Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі адам құқықтарына бағдарлауында екендігін атап өтті.

 

Соңғы жаңалықтар